
Оның ішінде артық немесе қате төленген сомаларды есепке жатқызу және қайтару мәселелері де бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және «Байланыс-орталығы» басқармасы басшысының міндетін атқарушы Эльмира Мұханбетжанова мәлімдеді.
Оның айтуынша, салық төлеуші белгіленген сомадан артық төлем жасаған жағдайда, аталған қаражатты басқа салық міндеттемелерін өтеуге есепке жатқызуға немесе банк шотына қайтаруға болады.
Мысалы, азаматтың төлеуге тиіс салық сомасы 100 мың теңге болып, 120 мың теңге төлеген жағдайда, 20 мың теңге артық төленген сома болып есептеледі. Егер салық төлеушінің берешегі болса, артық төленген қаражат алдымен сол берешекті өтеуге бағытталады. Ал берешегі болмаған жағдайда, азамат бұл соманы қайтаруға өтініш бере алады.
– Өтінішті Салық төлеушінің кабинеті, eGov.kz порталы және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде беруге болады, – деді Э.Мұханбетжанова.
Қаражатты қайтару үшін өтініште банк шотының 20 таңбалы IBAN нөмірін, қайтарылатын соманы және қажетті мәліметтерді көрсету қажет. Егер салық бойынша берешек болмаса, өтініш тіркелген күннен бастап қаражат 5 жұмыс күні ішінде банк шотына қайтарылады.
Сонымен қатар төлем жасау кезінде ЖСН, БСН, бюджеттік сыныптама коды немесе өзге де қажетті деректер қате көрсетілген жағдайда, төлем қате төленген сома ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда төлем құжатының нөмірін көрсету қажет.
Мемлекеттік баж сомасын қайтару тәртібі де ерекшеленеді. Мысалы, азамат сотқа мемлекеттік баж төлеген жағдайда, алдымен баж төленген мемлекеттік органнан тиісті растау құжатын алуы қажет. Кейін мемлекеттік кірістер органына қаражатты қайтару туралы өтініш береді. Бұл ретте мемлекеттік баж барлық жағдайда қайтарыла бермейді.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік баж бойынша бюджетке 3 млн 49 мың 514 теңге, ал әкімшілік айыппұлдар бойынша 4 млн 132 мың 389 теңге түскен.