
ҚР Салық Кодексіне сәйкес салық салу объектiсi бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлiк салығын төлеушiлер болып табылады.
Қазақстан Республикасының аумағындағы:
өздеріне меншік құқығында тиесілі тұрғынжайлар, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, орынтұрақ орындары және өзге де құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар;
жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесілі жер учаскелері жеке тұлғаларға мүлік салығын салу объектісі болып табылады.
Салық салу объектілері бойынша жеке тұлғалардың салығын есептеуді салық органдары салық төлеушінің тұрғылықты жеріне қарамастан, салық салу объектісінің тұрған жері бойынша есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей, құқықтары есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген жеке тұлғалардың салық салу объектілері бойынша меншік құқығында иеленудің іс жүзіндегі мерзімін ескере отырып, салықтық базаға тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізеді.
Жеке тұлғалардың мүлік салығы салықтық кезең үшін жеке тұлғаның әрбір салық салу объектісі бойынша жеке есептелген салық сомаларын қамтиды.
Егер салықтық кезең ішінде салық салу объектісі меншік құқығында он екі айдан аз болса, осындай объектілер бойынша төленуге жататын мүлік салығы айқындалған салық сомасын он екіге бөлу және салық салу объектісінің меншік құқығында болуының іс жүзіндегі кезеңі айларының санына көбейту арқылы есептеледі.
Салық салу объектісі жойылған, қираған, бұзылған кезде салық сомасын қайта есептеу уәкілетті мемлекеттік орган беретін, жойылу, қирау, бұзылу фактілерін растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Бюджетке салық төлеу салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей жүргізіледі.