Салық органының міндетті сипаттағы хабарламалары

Салық органының міндетті сипаттағы хабарламалары

Салық органының міндетті сипаттағы хабарламаларына мыналар жатады:

      1) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама.

      Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, жүргізілген салықтық тексеру қорытындылары бойынша салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын есепке жазуға, залалдардың азаюына, қосылған құн салығының және (немесе) бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын корпоративтік (жеке) табыс салығының асып кеткен сомаларын қайтаруды растамауға алып келетін бұзушылықтар анықталған кезде ұсынылады;

      2) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау нәтижелері туралы хабарлама.

      Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау нәтижелері туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру нәтижелері туралы шағым жасалған хабарламаның күші жойылған жағдайда шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

      3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама.

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтамау фактілері анықталған кезде салық органы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей салық төлеушіге (салық агентіне) ұсынылады;

      4) тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарлама.

      Тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарламада тарату кезеңінде есептелген салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің сомасы және салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімі туралы мәліметтер қамтылады.

      Тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарлама таратылатын салық төлеушіге (салық агентіне) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттемелерді салықтық әкімшілендіру аяқталған күнге дейінгі кезең ішінде туындаған кезде таратудың салықтық тексеруі актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

      5) салық төлеушінің тұрған жерін (оның жоқ екенін) растау туралы хабарлама.

      Салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқ болғанын) растау туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) тіркеу деректерінде көрсетілген, салықтық зерттеп-қарау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерінде болмауы кезінде салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде ұсынылады;

      6) салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама.

      Салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) заңды тұлғада, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінде, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентте, дара кәсіпкерде, жеке практикамен айналысатын адамда салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомада салықтық берешек пайда болған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылады;

      7) дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама.

      Дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешегін өтемеген кезде салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторына оның банктік шоттарындағы ақша есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданғаннан кейін өндіріп алу қолданылғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

      8) жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама.

      Жеке тұлғада кәсіпкерлік қызметті және жеке практиканы жүзеге асыруға байланысты емес салықтық міндеттемелер бойынша салықтық берешек қалыптасқан кезде салық төлеушіге жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама беріледі.

      Жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама салық төлеушіге салықтық берешек түзілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.