Қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне қою жөніндегі жалпы ережелер

Қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне қою жөніндегі жалпы ережелер
Қосылған құн салығын (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – салық) төлеушіні тіркеу есебіне қою:
-салық төлеушіні тіркеу есебіне ерікті түрде қою;
-салық төлеушіні тіркеу есебіне міндетті түрде қою;
-салық төлеушіні тіркеу есебіне шартты түрде қою түрінде жүзеге асырылады.
Салық төлеушіні міндетті және шартты түрде тіркеу есебіне қою салық төлеушілердің базасында жүзеге асырылады.
Салық төлеушінің тіркеу есебіне қоюға:
-мемлекеттік мекеме;
-резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
-жеке практикамен айналысатын адам;
-арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші;
-жеке тұлға жатпайды.
Салық төлеушіні тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін:
-айналым Салық кодекстің 449-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген айналымдар сомасы ретінде Салық кодекстің 101-бабында белгіленген күннен бастап өсу нәтижесімен айқындалады;
-айналымның шекті шегі – тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшеріне тең айналым.
Салық төлеушіні тіркеу есебіне қою осындай өтініш ұсынылған күннен бастап салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына ұсынылған салықтық өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Салық төлеушіні тіркеу есебіне қойғаннан кейін басшы және (немесе) бюджетпен есеп айырысуға жауапты адам салық органдарында электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесімен және электрондық шот-фактураларды жазып беру тәртібімен танысуға міндетті.
Заңды тұлғаны тіркеу есебіне қою және (немесе) тіркеу деректерін өзгерту, сондай-ақ басшыны ауыстыру кезінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде басшыны биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі.
Заңды тұлғаны қайта тіркеу мемлекеттік органдардың талап қоюы бойынша заңды күшіне енген сот актісімен жарамсыз деп танылған жағдайларда, аталған заңды тұлға осындай қайта тіркелген күннен бастап нөмірлер тізіліміне тиісті өзгеріс енгізілгенге дейінгі кезеңде салық төлеуші болып танылмайды.
Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасын қоспағанда, осы баптың ережелері қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын, тіркеу есебіне шартты түрде қоюға жататын шетелдік компанияға (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында – шетелдік компания) қолданылмайды.
Салық төлеуші шетелдік компанияны тіркеу есебіне шартты түрде қою Салық кодекстің 102-бабына сәйкес жүзеге асырылады.