
Декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсатымен, егер кеден органы декларанттың өтінішін алатын кезге қарай осы Кодекстің 410-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратпаса, оны кедендік жете тексеруді жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе, кедендік қарап-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдамаса және (немесе) кедендік сараптама жүргізуді тағайындамаса, тауарлар шығарылғанға дейін өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелеріне қарамастан, декларанттың электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші бойынша кеден органының рұқсатымен, егер кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) декларацияланатын тауарлардың тұрған жері туралы мәліметтерді өзгертуге не тауарларды шығаруға әсер етпейтін қатемен жазылуды немесе грамматикалық қателерді түзетуге байланысты болса, тауарлар шығарылғанға дейін осындай өзгеріске (толықтыруға) рұқсат етіледі.
Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) осы тіркелген кедендік декларацияда көрсетілген тауарлардан өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге алып келмейді.
Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді және қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түріндегі мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін тауарлар шығарылғанға дейін Комиссия айқындайды.