Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі — КТС) әкімшілендіру бөлігінде бірқатар өзгерістердің күшіне енетінін хабарлайды. Жаңашылдықтар мөлшерлемелер жүйесін, аванстық төлемдерді есептеу тәртібін, сондай-ақ қолданыстағы салықтық преференцияларды қамтиды.
КТС мөлшерлемелері:
- 20 % — КТС-тің базалық мөлшерлемесі;
- 25 % — банк қызметі (бизнеске кредит беруді қоспағанда) және ойын бизнесі үшін;
- 5 % — әлеуметтік сала субъектілері үшін 2026 жылдан бастап, 10 % — 2027 жылдан бастап;
- 3 % — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін;
- 6 % — ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін.
Жеңілдіктердің сақталуы:
КТС бойынша жеңілдіктер мына санаттар үшін сақталады:
- арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) қатысушылары;
- «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің резиденттері;
- жасалған келісімдерге сәйкес инвестициялық жобаларды іске асыратын салық төлеушілер;
- жүк тасымалынан немесе теңіз кемелерін бербоут-чартер және тайм-чартер негізінде пайдаланудан табыс алатын компаниялар;
- ұлттық фильмдердің құқық иеленушілері.
Аванстық төлемдер бойынша өзгерістер:
- аванстық төлемдерді есептеу шегі 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;
- аванстық төлемдерді салық декларациясын тапсыруға дейін есептеу міндеттемесі алынып тасталды;
- 1-тоқсан үшін аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын болады.