Астана қаласындағы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «Пекин – Астана» халықаралық әуе рейсімен келген жолаушыларды кедендік бақылаудан өткізу барысында темекі өнімдерін заңсыз әкелу фактісі анықталды.
«Жасыл дәліз» арқылы өткен азаматтар тасымалданатын темекі өнімдеріне кедендік декларация ұсынбаған, сол арқылы декларациялау жөніндегі өз міндетін орындамаған.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері рентген-телевизиялық қондырғыны қолдану арқылы багажды тексеру кезінде 125 блок (1250 қорап) темекі анықтады. Бұл сан белгіленген шекті мөлшерден асып, міндетті декларациялауға жатады.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша процессуалдық шаралар жүргізілуде.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің №107 шешімінің қосымшасына сәйкес, жылыту немесе өзге де тәсілдер арқылы (түтінсіз) ингаляцияға арналған никотин және темекі өнімдері 200 данадан асқан жағдайда, жеке пайдалану тауарларына жатпайтынын еске салады.