
2025 жылғы 15 шілдедегі №208-VIII Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес салықтық тексерулер бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Салықтық тексеру Салық кодексіне сәйкес салық жүктемесінің коэффициентін ескере отырып тағайындалады. Бұл ретте, егер салық төлеушінің салық жүктемесінің коэффициенті тиісті қызмет түрі мен өңір бойынша көрсеткіштің жоғарғы шегінің кемінде 90 пайызын құраса, сол салық кезеңіне кешенді салықтық тексеру тағайындалмайды (Салық кодексінің 152-бабы).
Құжаттарды табыстау рәсімін жеңілдету шеңберінде салықтық тексеру барысында құжаттарды (нұсқамадан басқа) салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде табыстау көзделген.
Сонымен қатар, нұсқаманы жазып берген күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде табыстау тәртібі белгіленді.
Салық төлеуші салық органы нұсқамасына шағым жасаған жағдайда, тексеру жүргізу кезеңінде мұндай салықтық тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді (Салық кодексінің 162-бабы).
Сондай-ақ салықтық тексеру аяқталғанға дейін талап қою мерзімін ұзарту көзделген, ал талап қою мерзімі аяқталуына 30 күн қалғанда салықтық тексеру тағайындауға тыйым салынады.
Салықтарды және төлемдерді есептеу және (немесе) қайта есептеу бөлігінде талап қою мерзімі салықтық тексеру басталған күннен бастап, оның нәтижелері бойынша хабарламаны орындаған күнге дейінгі кезеңге тоқтатылады.
Егер салық төлеуші (салық агенті) салық органы нұсқамасын алудан бас тартқан жағдайда, салық органы лауазымды адамы бас тарту фактісін бейнетіркеуді жүзеге асырады (Салық кодексінің 162-бабы).
Тексеру кезеңінде құжаттарды талап ету екі реттен артық табысталмайды (орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін тексерулерден басқа). Сондай-ақ салықтық тексерулердің мерзімдері қысқартылды (Салық кодексінің 163, 164-баптары).
Салық кодексінің 211-бабына сәйкес, салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама алынған күннен бастап тексерілетін кезеңге қатысты салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді – бұл барлық тексеру кезеңіне қолданылады (оның ішінде тоқтата тұру және ұзарту жағдайларында), кешенді де, тақырыптық та тексерулер бойынша (салықтар, бюджетке төлемдер және әлеуметтік төлемдер).
Ұйымның бухгалтерлік және салықтық есеп саясаты қолданыстағы заңнамаға сәйкес болуы ұсынылады. Алғашқы құжаттар тиісті түрде рәсімделіп, тексерушілерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін тәртіпте сақталуы тиіс.
Салықтық тексерулерге уақтылы және жүйелі дайындық жауапкершілікке тартылу тәуекелдерін азайтып қана қоймай, сонымен бірге бизнес пен мемлекет арасындағы ашық әрі орнықты қатынастарды қалыптастыруға ықпал етеді.