Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Валютаны репатриациялаудың уақтылығы мен толықтығының сақталуын бақылауға және ақшалай қаражаттың шетелге негізсіз шығарылуын болдырмауға ерекше назар аударылады.
Ресейдің Федералды кеден қызметімен бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде валюталық қаражатты елден тыс жерлерге заңсыз шығару схемасын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан аумағында жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеген азаматтың орналасқан жері анықталды.
Жедел өзара іс-қимыл ақшалай қаражатты шетелге шығару әрекетін тоқтатуға мүмкіндік берді. Сот шешімі бойынша бұзушыға 493 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының кеден қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Өзбекстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу туралы хабарлама табыс етілді. Қазіргі уақытта материалдар сот органдарына жіберілді және айыппұлдың болжамды сомасы 52 млн. теңгеден асады.
Астана қаласы бойынша МКД еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты қоса алғанда, сыртқы экономикалық операцияларға жүйелі талдау тұрақты негізде жүргізілетінін еске салады.
Сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушыларын валютаны репатриациялау жөніндегі валюталық заңнама нормаларын адал орындауға және шетелдік контрагенттермен есеп айырысуды тиісінше ресімдеуге шақырамыз.