Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою

Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою

Бақылау-касса машиналарын модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары (әрі қарай- БКМ) пайдаланылатын жерi бойынша салық органдарына есепке қоюға жатады.

БКМ салық органында есепке қою мынадай негіздердің бірі:

1) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ бойынша - фискалдық деректер операторының мәліметтері;

2) деректерді беру функциясы жоқ БКМ бойынша - БКМ салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш бойынша жүзеге асырылады.

Бұл ретте деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторы салық органдарына уәкілетті орган айқындаған тәртіппен береді.

Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, деректерді беру функциясы жоқ БКМ салық органына есепке қою үшін:

1) БКМ салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш;

2) фискалдық режимді орнатпастан іске қосу мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтер қамтылатын БКМ;

3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектерінің кітабы ұсынылады.

Деректерді беру функциясы жоқ аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын БКМ есепке қою кезінде салық органына мынадай құжаттар:

1) БКМ салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш;

2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттамаларының қысқаша сипаты;

3) салық органында есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулық ұсынылады.

Салық органы БКМ есепке қою кезінде осы баптың 2-тармағында көзделген негіздердің бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде БКМ тіркеу нөмірін беруді және тіркеуші органның лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында БКМ тіркеу карточкасын қалыптастыруды жүргізеді.

БКМ тіркеу карточкасының, тауар чегінің, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектерi кiтабының нысандарын уәкілетті орган белгілейді.