Мамандыққа алғашқы қадам: ҚазҰУ студенттері – болашақ заңгерлер «Жетісу» кеден бекетінде

Мамандыққа алғашқы қадам: ҚазҰУ студенттері – болашақ заңгерлер «Жетісу» кеден бекетінде

2025 жылдың 25 сәуірінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жетісу» кеден бекетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенттерімен дөңгелек үстел өтті. «Жетісу» кеден бекетінің басшысы Н. Құлбарақов студенттерге бекеттің құрылымы мен жұмыс барысын таныстырды.

Бекеттің бас мамандары А. Алиасқарова мен Е. Нұрелов кеден саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, кеңестерін берді. Студенттер белсенді түрде талқылауға қатысып, өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойды. Олардың бірі: «Болашақ мамандар ретінде бітіруші түлектерге қандай кеңес бересіздер?» деп сұрады.

«Нағыз мықты әрі білікті маман болу үшін ең қажеттісі – бірінші ішкі түйсік, екінші интеллект және үшінші қызығушылық. Жалпы, кеден саласында жұмыс істеу үшін әрдайым заңдарды оқып, Кодексті жақсы білу қажет. Заң факультетінің студенттері үшін бұл қиын емес, себебі олар үнемі жаңартылған заңдарды оқып, меңгеріп отырады. Заң саласын таңдаған маман өмір бойы оқып, өз білімін тереңдетуі тиіс», – деп атап өтті бекет басшысы Н. Құлбарақов.

Студенттер мамандар дайындаған бейнероликті көріп, бекет жұмысымен танысты. Кездесу соңында заң ғылымдарының докторы, профессор Қ. Қожабек пен Г. Айғаринова «Жетісу» кеден бекетіне алғыстарын айтып, осындай пайдалы бастамалардың жалғасын табуын тіледі.

Кездесуден шабыт алған студенттер болашақта кеден қызметінде жұмыс істеуге және осы салаға өз үлестерін қосуға деген зор сенімдерін білдірді.