ЕАЭО-дан тауарларды импорттау кезінде ҚҚС бойынша есепке жатқызу әдісі: салық төлеушілер нені білуі қажет

ЕАЭО-дан тауарларды импорттау кезінде ҚҚС бойынша есепке жатқызу әдісі: салық төлеушілер нені білуі қажет

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден тауарларды әкелу кезінде қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу әдісін қолдану тәртібін түсіндіреді.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 509-бабына сәйкес, есепке жатқызу әдісін салық заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ҚҚС төлеушілері қолдануға құқылы.

Осы әдісті қолданған кезде импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС сомасы ҚҚС бойынша декларацияда бір мезгілде есептелген салық ретінде және есепке жатқызылатын сома ретінде көрсетіледі. Барлық белгіленген талаптар сақталған жағдайда тауарларды әкелу кезінде ҚҚС-ты бюджетке нақты төлеу жүргізілмейді.

Есепке жатқызу әдісі мынадай тауарларға қатысты қолданылады:

одан әрі өткізуге немесе халықаралық қаржылық лизингке беруге арналмаған тауарлар;

халықаралық қаржылық лизингті қоспағанда, қаржылық лизингке беру үшін әкелінетін тауарлар;

бекітілген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасын өндіру кезінде пайдаланылатын тауарлар.

Есепке жатқызу әдісі қолданылатын тауарлардың тізбесі, сондай-ақ оны қалыптастыру қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1199 қаулысымен бекітілген.

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішпен бірге салық төлеуші Салық кодексінің 530-бабы 2-тармағында көзделген құжаттарды, сондай-ақ тауарды ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша жіктеу үшін қажетті оның техникалық және коммерциялық сипаттамаларын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Есепке жатқызу әдісі қолданылып әкелінген тауарлар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы тиіс. Импортталатын тауарлардың басым көпшілігі үшін пайдалану мерзімі 5 жыл, ал ауыл шаруашылығы құстары үшін 18 ай болып белгіленген.

Егер белгіленген мерзім ішінде тауар өткізілсе, халықаралық қаржылық лизингке берілсе немесе көзделген талаптарды бұза отырып пайдаланылса, ҚҚС сомасы бюджетке төленуге жатады. Бұл ретте өсімпұл тауарларды импорттау кезінде ҚҚС төлеу үшін белгіленген күннен бастап есептеледі.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге есепке жатқызу әдісін қолданар алдында импортталатын тауардың бекітілген тізбеге енгізілгеніне, ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша дұрыс жіктелгеніне және белгіленген мерзім ішінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылатынына көз жеткізуді ұсынады.