Мобильді аударымдар және салықтық бақылау: салық төлеушілер нені білуі қажет?

Мобильді аударымдар және салықтық бақылау: салық төлеушілер нені білуі қажет?

Жалпы алғанда, жеке тұлғалардың мобильді аударымдары салық салу объектісі болып табылмайды.

Салық салуға тек кәсіпкерлік қызметтен алынған табыстар жатады.

Туыстардан келіп түсетін аударымдар, сыйлық, материалдық көмек немесе жеке қажеттіліктерге арналған жинақтар түріндегі қаражат, табыс болып саналмайды және салық салуға әрі декларациялауға жатпайды.

Сонымен қатар, тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақшалай қаражаттың жүйелі түрде келіп түсуі мұндай операцияларды кәсіпкерлік қызмет ретінде тануға негіз болуы мүмкін.

Мұндай жағдайларда қызметті белгіленген тәртіппен жүзеге асыру қажет, яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, бөлек есеп айырысу шотын пайдалану және бақылау-касса машинасын немесе мобильді қосымшаны қолдану қажет.

Екінші деңгейдегі банктер мобильді аударымдар туралы мәліметтерді тек белгіленген критерийлер бір мезгілде болған жағдайда ғана ұсынады: үш ай қатарынан жеке тұлғаның шотына әртүрлі тұлғалардан 100 және одан да көп аударымның түсуі және сомасының 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен, яғни, 1 020 000 теңгеден асуы.

Екінші деңгейдегі банктер ұсынған ақпарат салық органдары тарапынан салық төлеушілердің салық міндеттемелерін сақтауына камералдық бақылау жүргізу мақсатында пайдаланылады.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, 30 жұмыс күні ішінде орындалуы керек хабарлама жолданады.

Хабарламаға жауапты мемлекеттік кірістер органдарына жеке бармай-ақ, қашықтан — салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы ұсынуға болады.

Мемлекеттік тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді кәсіпкерлік қызметті салық заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға шақырады.