Жалпыға бірдей белгіленген режимнен кейін жеңілдетілген режим: тек 1 жылдан кейін

Жалпыға бірдей белгіленген режимнен кейін жеңілдетілген режим: тек 1 жылдан кейін

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшу тәртібі өзгертілді.

Егер салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған болып, ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өткен жағдайда, ол қолданылатын салық режимі туралы хабарлама тапсыру арқылы қайтадан жеңілдетілген декларацияға өте алады.

2026 жылы жеңілдетілген декларацияны қолданып, кейін жалпыға бірдей белгіленген режимге өткен салық төлеушілер үшін жеңілдетілген декларацияға қайта көшу екі шарттың бір мезгілде сақталуы кезінде жүзеге асырылады.

Біріншіден, жалпыға бірдей белгіленген режим кемінде бір күнтізбелік жыл бойы қолданылуы тиіс.

Екіншіден, жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданудың соңғы күнтізбелік жылындағы жиынтық жылдық табыс жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға арналған шекті табыс мөлшерінен аспауға тиіс. 2026 жылы бұл шек 2 млрд 595 млн теңгені құрайды.

Салық төлеушілерге салық режимін таңдау кезінде осы талаптарды ескеру және тиісті хабарламаны уақытылы ұсыну ұсынылады.