Мүліктік табыс: мүлікті сату кезінде нені білу қажет?

Мүліктік табыс: мүлікті сату кезінде нені білу қажет?

Мүліктік табыс сіз мүлікті сатып алған бағадан қымбат бағаға сатқан кезде, яғни пайда тапқан жағдайда туындайды.

Тұрғын жылжымайтын мүлікті, мысалы, пәтерді, үйді, саяжайды, гаражды, автотұрақ орнын, қойманы немесе жер учаскесін сату кезінде, егер мүлік белгіленген мерзімнен аз уақыт меншік құқығында болса, табыс туындайды. Өтпелі ережелерді ескере отырып: егер меншік құқығы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін рәсімделсе онда ең төменгі иелену мерзімі бір жылды, ал осы күннен кейін рәсімделсе — екі жылды құрайды. Егер сіз мүлікті осы мерзімнен ұзақ иеленсеңіз, салық туындамайды.

Дүкендер, офистер, қоймалар және өзге де коммерциялық үй-жайлар сияқты тұрғын емес жылжымайтын мүлікті сату кезінде, мүліктің меншік құқығында қанша уақыт болғанына қарамастан табыс әрдайым туындайды.

Егер мүлік мұрагерлік арқылы алынған болса, оның бастапқы құны меншік құқығы рәсімделген күндегі нарықтық бағамен айқындалады және бағалау арқылы расталады. Егер мүлік сыйға алынған болса, мүлік салығын есептеу үшін қолданылатын бағалау құны пайдаланылады.

Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын сату кезінде, егер ол меншік құқығында бір жылдан аз уақыт болса, табыс туындайды. Егер иелену мерзімі одан көп болса — салық төлеудің қажеті жоқ.

2026 жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі қолданылады: егер табыс сомасы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен аспаса — 10 пайыз, ал осы шектен асатын сомаға — 15 пайыз қолданылады.

Жеке тұлға салықты өз бетінше есептеуге, декларация тапсыруға және салық сомасын белгіленген мерзімде төлеуге міндетті.