Қазақстан Республикасында бейрезидент заңды тұлғалардың кірістеріне салық салу тәртібі туралы

Қазақстан Республикасында бейрезидент заңды тұлғалардың кірістеріне салық салу тәртібі туралы

 Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасындағы көздерден кіріс алатын бейрезиденттердің кірістеріне салық салу тәртібін түсіндіреді.

      Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 221-бабы 2-тармағына сәйкес, бейрезиденттер Қазақстандағы көздерден алынған кірістер бойынша салықтарды салық заңнамасында белгіленген тәртіппен төлеуге міндетті.

     Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кірістерге жатқызылатын бейрезиденттердің кірістерінің тізбесі Салық кодексінің 679-бабында айқындалған.

     Егер бейрезидент заңды тұлғаның Қазақстан аумағындағы қызметі тұрақты мекеме құруға алып келмесе, мұндай кірістерге салық салу Салық кодексінің 72-тарауының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

     Салық кодексінің 683-бабына сәйкес, мұндай бейрезиденттердің кірістері шегерімдер жүзеге асырылмай, төлем көзінен корпоративтік табыс салығына жатады.

     Салықты есептеуді, ұстап қалуды және аударуды салық агенті Салық кодексінің 682-бабында көзделген мөлшерлемелерді қолдану арқылы жүзеге асырады. Салықты ұстап қалу мынадай мерзімдерде жүргізіледі:

  • есептелген және нақты төленген кірістер бойынша - кіріс төленген күннен кешіктірмей;
  • есептелген, бірақ төленбеген және шегерімдерге жатқызылған кірістер бойынша - корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету мерзімінен кешіктірмей.

     Салық агенті ұсталған салықты мынадай мерзімдерде аударуға міндетті:

  • есептелген және төленген кірістер бойынша - төлем жүргізілген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік 25 күннен кешіктірмей;
  • есептелген, бірақ төленбеген және шегерімдерге жатқызылған кірістер бойынша - корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей;
  • аванс, яғни алдын ала төлем төленген кезде - аванс сомасы шегінде бейрезиденттің кірісі есептелген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік 25 күннен кешіктірмей;
  • тауарлар жеткізілген, жұмыстар орындалған немесе қызметтер көрсетілген кезде - тиісті міндеттемелер сомасы шегінде бейрезиденттің кірісі есептелген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік 25 күннен кешіктірмей.

      Салық кодексінің 679-бабы 1-тармағының 39) тармақшасында көзделген кірістердің жекелеген түрлері бойынша Салық кодексінің 684-бабында белгіленген арнайы төлеу мерзімдері қолданылады.

     Салық агенті бейрезиденттің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты мынадай мерзімдерде табыс етуге міндетті:

  • I, II және III тоқсандар үшін - есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей;
  • IV тоқсан үшін - есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей.

      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезиденттер орналасқан жері бойынша Салық кодексінің 359-бабында көзделген мерзімдерде корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс етуге міндетті.