
2025 жылғы 18 шілдеде жаңа ҚР Салық кодексі бекітілді. Оның негізгі жаңалықтарының бірі – арнаулы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылуы. Тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оңайлатылған декларацияға және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер ғана сақталды.
Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге, әсіресе өзіне қолайлы режимде жұмысын жалғастырғысы келетіндерге, өтпелі ережелерді қатаң сақтаудың маңызды екенін ескертеді.
Таксистер, курьерлер және осыған ұқсас қызмет көрсететін тұлғалар келесі ақпаратқа назар аударуы қажет. Егер бұған дейін патентте немесе арнайы мобильдік қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін «жаңа» оңайлатылған декларация режиміне көшу туралы хабарлама бермесе, олар автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарылады және, егер режим талаптарына сәйкес келсе, қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде жалғастыра алады.
Сондай-ақ оңайлатылған декларация немесе бөлшек салық режимінде жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін маңызды ақпарат. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін арнайы салық режимдерін қолданған және «жаңа» оңайлатылған декларация режиміне өтуді жоспарлаған салық төлеушілер көшу туралы хабарламаны 2026 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей тапсыруы тиіс, әйтпесе олар жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады және оңайлатылған декларацияға тек бір жыл жұмыс істегеннен кейін ғана өте алады.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді жаңа Салық кодексінің нормаларымен алдын ала танысып, қалаған салық салу режимінде қалу үшін қажетті хабарламаларды уақытылы тапсыруға шақырады.