Қазақстан Республикасының аумағына электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған сұйықтықтарды және шылымсыз темекі өнімдерін әкелуге тыйым салынады.
Бұл тыйым 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 74-VIII Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығын сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 2024 жылғы 20 маусымнан бастап күшіне енді.
Бұзушылықтар үшін жауапкершілік:
Аталған өнімдерді әкелгені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.
- Заңда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шегін нақтылайтын сандық көрсеткіштер белгіленбеген.
- Бір ғана өнімді әкелу де қылмыстық іс қозғауға негіз болуы мүмкін.
- Әкелу мақсаты (сату немесе жеке пайдалану) құқықтық баға беруде ескерілмейді.
- Заңнаманы білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Туристер мен ел қонақтарына маңызды ақпарат!
Құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін мемлекеттік шекарадан (соның ішінде кедендік бақылаудан) өтуге дейін электрондық құрылғылар мен вейптерге арналған сұйықтықтарды ерікті түрде тапсыру мүмкіндігі бар.
Халықаралық тәжірибе (мысалы, АҚШ пен Таиландта) мұндай шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр: алдын ала ақпарат алған туристер тыйым салынған өнімдерді әкелуден өз еркімен бас тартады.