Салық салынатын импорттың мөлшерін айқындау

Салық салынатын импорттың мөлшерін айқындау

Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 518-бабына сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде салық салынатын импорт мөлшері сатып алынған тауарлардың құны негізінде айқындалады.



Тауар құнын айқындаудың негізгі қағидаты – шартта (келісімшартта) көрсетілген мәміле бағасы болып табылады.



· Егер шартта тауар құны мен қосымша шығыстар (тасымалдау, сақтандыру және өзге де шығыстар) бөлек көрсетілсе, салық салынатын импорт мөлшеріне тек тауардың құны енгізіледі.

· Егер тауар құны мен қосымша шығыстар бөлек көрсетілмесе, шартта көрсетілген мәміленің толық сомасы салық салынатын импорт мөлшері болып есептеледі.

· Жекелеген тауар түрлеріне қатысты ең төменгі баға деңгейі қолданылады. Импортталатын тауар құны белгіленген ең төменгі деңгейден төмен көрсетілген жағдайда, салық төлеуші көрсетілген айырма сомасынан ҚҚС есептеп, төлеуге міндетті.

· Акцизделетін тауарлар бойынша салық салынатын импорт мөлшеріне акциз сомалары да енгізіледі.

· Бартерлік мәмілелер, заттай қарыз шарттары, алыс-беріс шикізатты қайта өңдеу және лизинг шарттары бойынша импорт мөлшерін айқындаудың өзіндік ерекшеліктері Салық кодексінде көзделген.

· Салық органдары салықтық бақылау барысында, оның ішінде трансферттік баға белгілеу туралы заңнама талаптарын ескере отырып, салық салынатын импорт мөлшеріне түзету жүргізуге құқылы.

· Импортталған тауарлардың құны бухгалтерлік есепке алынғаннан кейін ұлғайған жағдайда, салық төлеуші салық салынатын импорт мөлшеріне тиісті түзету енгізуге міндетті.