
2026 жылғы 11 сәуірден бастап Қазақстанда кедендік рәсімдерді автоматтандыру және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адами факторды азайту мақсатында жаңа «KEDEN» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Бүгінде жүйе арқылы 44 мыңнан астам тауар декларациясы рәсімделді. Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) бойынша тәуекелдер болмаған жағдайда декларацияны шығару орта есеппен небәрі 2–3 минутты алады.
Егер жүйе тәуекелдерді анықтаса, заңнама аясында қосымша тексерулер жүргізіледі. Жүйе іске қосылғалы бері 4 980 бұзушылық анықталып, бюджетке қосымша 2,7 млрд теңге кедендік төлемдер өндірілді.
Медициналық тауарларды рәсімдеу бойынша жекелеген мәселелер туындады. Атап айтқанда, плазмадан алынған C1-ингибитор препаратын ҚҚС-тан босатылатын тауарлар тізбесіне енгізу үшін оның жіктелуіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігімен қосымша консультациялар жүргізу қажет болды. Нәтижесінде ҚҚС бойынша жеңілдік толық көлемде берілді. Бұл ретте декларациялаушы тарапынан МКК-не ешқандай шағым немесе өтініш түскен жоқ. Аталған жағдай «KEDEN» жүйесінің жұмысына байланысты емес және бір реттік сипатта болды.
Сондай-ақ зауыт құрылысына арналған құрылыс материалдарын рәсімдеу кезінде «Компоненттің реттік нөмірі» деген жолды толтыруға қатысты мәселе көтерілді. СЭҚ қатысушыларының өтінішінен кейін Мемлекеттік кірістер комитеті аталған жолдың көлемін жедел түрде ұлғайтты. Бұл жағдай тек екі СЭҚ қатысушысына қатысты болды, қажетті техникалық түзетулер толық енгізілді.
Тауарларды шығарудан жеке шоттарда қаражат бола тұра негізсіз бас тарту туралы жекелеген өтініштер бойынша тексеру жүргізіліп, бас тартулардың заңды түрде, яғни СЭҚ қатысушыларының жеке шоттарында қаражаттың болмауына байланысты жүзеге асырылғаны анықталды. Осылайша, заңсыз бас тарту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жүйе іске қосылғалы бері «Экспорт» бағыты бойынша 7 080 декларация шығарылды, оның ішінде тек 108 декларацияға кедендік тексеру жүргізілді, бұл 1,5%-ды құрайды. Барлық тексерулер ТБЖ аясында және кеден заңнамасына қатаң сәйкес жүргізілді.