
ҚҚС мөлшерлемелері.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 503-бабына сәйкес:
ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды және салық салынатын айналым мен салық салынатын импортқа қолданылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап — 5 пайыз, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады:
∙ дәрілік заттарды өткізу және импорттау (474-бапқа сәйкес босатылғандарын қоспағанда);
∙ медициналық бұйымдар, олардың жинақтаушы бөлшектері және техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар;
∙ лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісі көрсететін медициналық қызметтер (474-бапқа сәйкес босатылған қызметтерден басқа).
10 пайыз мөлшерлеме отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу айналымына қолданылады.
Салық кодексінің 47-тарауында көзделген айналымдарға расталған жағдайда нөлдік мөлшерлеме қолданылады. Расталмаған жағдайда 16 пайыз мөлшерлеме қолданылады.
Медициналық қызметтер мен дәрілік заттар бойынша ҚҚС-тан босату
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 474-бабына сәйкес, өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді өткізу айналымдары ҚҚС-тен босатылады.
ҚҚС-тен босатылады:
Медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісі көрсететін дәрілік заттар мен медициналық қызметтер:
- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде;
- орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мақсатында.
Аталған дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітіледі.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелінетін тауарлар бойынша ҚҚС-ты есепке жатқызу әдісімен төлеу.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 509-бабына сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелінетін жекелеген тауарлар (жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, көлік құралдары, асыл тұқымды мал және т.б.) бойынша ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленеді. Аталған тауарлардың тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітіледі.
Қолдану ерекшеліктері:
Тауарлар әкелінгенде ҚҚС бюджетке нақты төленбейді, есепке жатқызу әдісі қолданылады.
ҚҚС сомасы декларацияда бір мезгілде есептеліп және есепке жатқызылады.
Міндетті пайдалану мерзімі:
- импортталған тауарлар бойынша — 5 жыл;
- ауыл шаруашылығы құсы бойынша — 18 ай.
Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда ҚҚС өсімпұл есептей отырып төленуге жатады.