Электромобильдерді жеңілдетілген тәртіппен әкелуге арналған квота толық пайдаланылды

Электромобильдерді жеңілдетілген тәртіппен әкелуге арналған квота толық пайдаланылды

Салық төлеушілердің назарына!

Соңғы жылдары Қазақстандықтар арасында электромобильдерге сұраныс артып келеді — біреулер оларды өз бетінше сатып алады, енді біреулер «толық қызмет» ұсынатын компанияларға жүгінеді.

Дегенмен, мұндай көлік құралдарын әкелу кезінде қолданыстағы кедендік ресімдеу ережелерін сақтау маңызды.

Кеден одағы комиссиясының №130 шешіміне сәйкес, 8703 80 000 2 ТН ВЭД ЕАЭО коды бойынша сыныпталатын электромобильдер белгіленген квота шегінде импорттық кедендік баждан босатылады.

2025 жылы Қазақстан үшін 15 000 электромобильге арналған квота белгіленген болатын.

2025 жылғы 14 қазанға қарай бұл квота толық пайдаланылды.

Бұл — импорттық кеден бажынан босату жөніндегі жеңілдік енді қолданылмайды дегенді білдіреді.
Осы сәттен бастап электромобильдерді әкелу жалпы тәртіппен, яғни белгіленген кедендік төлемдер мен салықтарды төлей отырып жүзеге асырылады.

Электромобильді қалай ресімдеуге болады?
Жеке тұлғалар келесі нұсқалардың бірін таңдай алады:

1️. Тауарларға арналған декларация (ТД)
- кедендік алым – 6 АЕК;
- қосылған құн салығы (ҚҚС) – 12%;
- ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифі бойынша — қосымша 15% кедендік баж.

2️. Жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД)
- бірыңғай кедендік төлем — көлік құнының 27%-ы.