Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Білім қорын толтыру және Salyq INFO жүйесіне жүктеу үшін түсіндірме құжаттарды дайындау тәртібі туралы» тақырыбында техникалық оқу өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы Salyk INFO платформасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл платформаны іске қосудағы мақсат – азаматтардан түсетін өтініштердің санын азайту, жауап беру уақытын қысқарту, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау.
Salyk INFO жүйесінің деректер базасы келесі қойындыларда материалдарды, сұрақтар мен жауаптарды орналастыруға мүмкіндік береді: Салық кодексі, Кеден кодексі, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы Заңы, Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы Заңы және т.б.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде Salyk INFO платформасы салық төлеушілер үшін ашық болады.
Салық төлеушілер салықтық және кедендік әкімшілендіруге қатысты өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болады.
Шара барысында қызметкерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарына толық жауаптар берілді.