Қазақстан Үкіметі микро және шағын бизнеске арналған салықтық қолдау шараларын 2026 жылы да жалғастырады

Қазақстан Үкіметі микро және шағын бизнеске арналған салықтық қолдау шараларын 2026 жылы да жалғастырады

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық реформалардың кәсіпкерлік белсенділікке ықтимал әсерін төмендету және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын 2026 жылы да жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған бизнес санаты үшін салықтық әкімшілендіруде неғұрлым икемді тәсілдерді көздейтін шартты «таза парақ» тетігі қолданысқа енгізілді.

✅ Аталған тетік бүгінде нақты оң нәтижесін көрсетті Ақмола облысында:

▫️ 474 микро және шағын бизнес субъектісі 499 млн. теңге көлеміндегі негізгі салық берешегін өтеді;
▫️ 250 млн. теңге өсімпұл есептен шығарылды;
▫️ 508 млн, теңге айыппұл есептен шығарылды.

Жекелеген жағдайларда бұл тетік 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін туындаған салықтық міндеттемелер бойынша бизнеске қатысты камералдық бақылау шараларын, салықтық тексерулерді, әкімшілік іс жүргізуді және сот тәртібімен өндіріп алу шараларын қолданбауға мүмкіндік берді. Бұл кәсіпкерлердің салық саласындағы өзгерістерге бейімделуіне қосымша мүмкіндік жасады.

📌 Қол жеткізілген оң нәтижелерді ескере отырып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету жөніндегі жұмыс 2026 жылы да жалғасады.

Атап айтқанда, 2026 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері ҚҚС-қа байланысты жекелеген бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Бұл келесі жағдайларға қатысты:

1️⃣ Егер 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген кезеңдегі айналым көлемі айналымның шекті мөлшерінен айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен аспаса.

2️⃣ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 269-бабының 3-бөлігінде және 275-бабының 5-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтар 2026 жыл ішінде жасалған жағдайда — мемлекеттік кірістер органдарының ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы хабарламасымен келісіп, онда көрсетілген талаптар орындалған кезде.