Блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесу

Блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесу

 Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесу өтті.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді бұл туралы Түсіндіру жұмыстар және байланыс орталығы басқармасының басшысы Шынар Мусина кездесуде хабарлады.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі — жеке табыс салығында прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 8 500 есесіне (шамамен 33,4 млн теңге) дейінгі жеке тұлғалар 10% мөлшерлемемен салық төлейді, ал одан асқан табыстарға 15% мөлшерлеме қолданылады. Бұл өзгеріс салық әділдігін арттыруға және төмен табысты азаматтарға түсетін салықтық жүктемені азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, салықтық шегерімдер қайта қаралды: стандартты салықтан босатылатын минимум ай сайын 14-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, бұл айына 140 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкерлерді жеке табыс салығынан толық босатады. Әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда І және ІІ топтағы мүгедектерге арналған шегерім ай сайын 5 000 АЕК-ке дейін арттырылды.

Салықтық шегерімдерді рәсімдеу жүйесі де жеңілдетілді: енді оқу, емделу немесе ипотека бойынша құжаттар ұсынудың орнына бекітілген стандартты шегерім қолданылады. Зейнетақы және біржолғы төлемдер салықтан босатылады.

Жаңа кодексте салықтық берешекті өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударылған. Берешектің шекті мөлшері – 20 АЕК енгізіледі. Егер берешек осы шектен аспаса, тек өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Ауып кетсе — шоттар бұғатталады, инкассалық тапсырмалар беріледі, ал 45 АЕК-тен асатын берешек жағдайында мүлік тәркіленеді.

27 000 АЕК-тен астам берешек үш айдан артық өтелмеген жағдайда, сот борышкердің шет елге шығуына тыйым сала алады. Осыған дейін салық органдары борыштың пайда болғаны туралы ескерту мен хабарламалар жіберуге міндетті. Бұдан бөлек, салық төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі кеңейтіледі. Мысалы, кейбір талаптарға сәйкес (еңбек өтілі, қызметкерлердің болуы, негізгі құралдар) кепілсіз және банк кепілдігінсіз кейінге қалдыруға рұқсат беріледі.

Уақытша қаржылық қиындықтары бар салық төлеушілерге кепілсіз 1 500 АЕК-ке дейінгі бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, импортерлерге өнім өндіруге арналған шикізат пен материалдарға ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру рұқсат етіледі.

Тағы бір маңызды жаңалық – салық әкімшілігін біріктірілген жүйенің іске қосылуы. Ол қолданыстағы жеті ІТ жүйесін ауыстырып, салық әкімшілігін жеңілдетіп, рәсімдерді жеделдетіп, процестерді автоматтандырады және салық төлеушімен мемлекет арасындағы өзара әрекеттің ашықтығын арттырады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұған дейін қолданыста болған жеті нұсқаның орнына үш әмбебап арнайы салық режимі (САР) қалады:
1. Өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР
2. Қарапайым декларацияға негізделген АСР
3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР (ШФҚ)
      Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 28 ақпанға дейінгі кезеңде (өтпелі кезең) жаңа Салық кодексінің 840-бабының ережелеріне сәйкес осы режимге көшу туралы хабарлама ұсынуы қажет. Мұндай хабарламаны ұсынған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация режимін қолданатын болып танылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілеріне салық берешегінің негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін Қағидаларды бекітті деді заң басқармасының басшысы Болат Әбетов.

    Бұл шара кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайту және қарыздарын қосымша санкцияларсыз реттеуге мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.

     Егер кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегінің (негізгі қарыздың) толық сомасын 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында өтесе, онда:

    - толық өтеген күнге дейін есептелген өсімпұлды қоса алғанда, барлық өсімпұл есептен шығарылады;

    - берешегі өтелген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салынған айыппұлдар есептен шығарылады;

    - сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС бойынша есепке тұрмау кезеңінде жасалған айналымдар үшін салынған айыппұлдар (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмаған жағдайда) есептен шығарылуы мүмкін.

     Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін негізгі қарыз сомасын 2026 жылғы 31 наурызға дейін толық төлеу қажет.

     Бұл бизнеске берешекті реттеп, жиналған өсімпұлдар мен айыппұлдарсыз қызметін жалғастыруға берілген мүмкіндік.

     Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығына сәйкес сыра қайнату өнімдерін цифрлық таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу басталғаны туралы хабарлады – дейді Акциздерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Ержан  Шулембеков .

     Таңбалау нарықтың барлық қатысушылары алдын ала дайындалып, жаңа жағдайларда жұмысты ұйымдастыра алуы үшін бірізді әрі кезең-кезеңімен енгізіледі:

  • 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап — кегалар мен бөтелкелердегі сыраны таңбалау;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — қаңылтыр банкілердегі сыраны таңбалау;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — тауар айналымының бүкіл тізбегі бойынша толық қадағалау режиміне көшу.

      Жеке атап өтеміз: таңбалауға тек 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген өнім жатады.

      Осы күнге дейін өндірілген сыра қайнату өнімдері бір жыл ішінде қосымша таңбалаусыз сатылуы мүмкін.

      Сыра өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда сатушылары таңбалау жүйесіне бірыңғай цифрлық сервис арқылы қосылады. Тіркеу келесі сілтеме бойынша өнеркәсіптік стендте қолжетімді:

https://tanba.markirovka.kz/

      Таңбаланған сыраны немесе сыра сусынын бөлшек саудада өткізу кезінде тауарды айналымнан шығару фискалдық деректер операторынан түсетін мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін сауда нүктелерінің күнделікті қызметінде пайдаланылатын бақылау-кассалық машина қолданылады.

      Құйма сыраны (кегаларда) сату кезінде айналымнан шығару фискалдық деректер операторынан алынған алғашқы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады және бүкіл кегаға қатысты жүргізіледі.

     Кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясын іске қосты.

      Акция 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

      «Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.

       Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу мәселелері бойынша түсінікті әрі практикалық түсіндірмелер ала алады.

       Негізгі формат — қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасында офлайн қабылдау.

       2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.

      2026 жылғы наурыздан бастап консультациялар аптасына 2 рет жүргізіледі.

        Ақмола облысы бойынша іс-шара Көкшетау қаласы, Назарбаев даңғылы, 21А мекенжайында орналасқан Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында өткзіледі.