
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы алаңында аймақтық кәсіпкерлерге арналған онлайн форматтағы дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саудасын мемлекеттік бақылау және реттеу мәселелеріне арналды.
Дөңгелек үстелдің модераторы «AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова болды. Талқылауға мәслихат депутаттары, бизнес өкілдері, сондай-ақ Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы Сәдбек Ахмадиев пен Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерлан Капаров қатысты.
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын мемлекеттік реттеу тетіктері, соның ішінде 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілген жаңартылған тізім бойынша түсіндірме берді.
Қатысушылар сауда үстемеақыларының шекті мөлшерін сақтау, міндетті баға белгілерінің болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтау маңыздылығын атап өтті.