
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Іс-шаралар барысында кәсіпкерлер жаңа заңнамалар бойынша түсіндірмелер алып, практикалық сұрақтарына жауаптар алуда.
Сонымен қатар бизнес өкілдеріне кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясы өткізіліп жатқаны туралы ақпарат жеткізілуде.
Акция 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.
«Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.
Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу мәселелері бойынша түсінікті әрі практикалық түсіндірмелер ала алады.
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.
2026 жылғы наурыздан бастап консультациялар аптасына 2 рет жүргізіледі.
Акция аясында консультацияларды кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының ең тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді.
Ақмола облысы бойынша іс-шара Көкшетау қаласы, Назарбаев даңғылы, 21А мекенжайында орналасқан Көкшетау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында өтеді.
Сондай-ақ қабылдау уақытында аудандық және қалалық басқармалар арасында бейнебайланыс пен телефон арқылы кеңес беру мүмкіндігі көзделген.