Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға электркөліктерді әкелу қағидалары туралы хабарлайды (ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 80 000 2 коды)

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға электркөліктерді әкелу қағидалары туралы хабарлайды (ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 80 000 2 коды)

Кейінгі жылдары қазақстандықтар электркөліктерді жиі таңдай бастады — өздігінен сатып алу арқылы, әрі «кілтке дайын» қызметін ұсынатын компаниялар көмегімен.

Осы ретте мұндай көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде қолданыстағы қағидаларды ескеру маңызды.

      Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 130 шешімінің 7-тармағының 7.1.38-тармақшасына сәйкес, ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 80 000 2 коды бойынша жіктелетін электркөліктерді әкелген кезде импорттық кеден бажын төлеуден босату көзделген.

      2025 жылы осы шешіммен электркөліктерді жеңілдікпен әкелуге 15 000 бірлік көлемінде квота белгіленген.
2025 жылғы 14 қазанға қарай бұл квота толық пайдаланылды.
Осылайша, Қазақстанға электркөліктерді жеңілдікпен әкелу көлемі толығымен таусылды.
Бұл импорттық кеден бажын төлеуден босату енді қолданылмайды дегенді білдіреді.

Енді электркөліктерді әкелу жалпы тәртіппен — барлық белгіленген кедендік төлемдер мен салықтарды төлей отырып жүзеге асырылады.

       Жеке тұлғалар электркөлікті әкелу кезінде кедендік ресімдеудің үш тәсілінің бірін таңдай алады:

Тауарларға арналған декларация (ТД). 1-нұсқа — Қазақстанның ДСҰ алдындағы міндеттемелері шеңберінде қолданылатын мөлшерлемелер бойынша:
* кедендік алым — 6 АЕК;
* қосылған құн салығы (ҚҚС) — 12%.

       Төмендетілген мөлшерлемелер электркөлік ЕЭК Кеңесінің 2015 жылғы 14 қазандағы № 59 шешімімен (2020 жылғы 30 қазандағы № 95 редакциясында) бекітілген алып тастаулар тізбесіне енгізілген жағдайда қолданылады.
Мұндай көлік құралдары тек Қазақстан аумағында сатылуға тиіс және ЕАЭО-ның басқа мемлекеттеріне шығаруға жатпайды.

2-нұсқа — Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кеден тарифі (БКТ) бойынша:
* кедендік алым — 6 АЕК;
* импорттық кеден бажы — кедендік құнының 15%;
* ҚҚС — 12%.

       Жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД). 3-нұсқа — ЖКД бойынша рәсімдеу кезінде көлік құралының кедендік құнынан 27% мөлшерінде жиынтық кедендік төлем қолданылады.