Әзірбайжан Республикасында шекаралық сақтандыру шарттарын онлайн рәсімдеу тәртібінің енгізілуі туралы 2025 жылғы 3 шілдеде Әзірбайжан Республикасында (ӘР) басқа елдерде тіркелген, «Жасыл карта» жүйесі қолданылмайтын көлік құралдарының иелері үшін шекаралық сақтандыру шарттарын рәсімдеуді жеңілдету мақсатында tpl.az онлайн-платформасы іске қосылды.
Аталған платформа көлік иелеріне сақтандыру шартын елге кірмей тұрып, онлайн режимде жасауға мүмкіндік береді. Бұл уақытты үнемдеуге, кезекте тұрмауға және төлемді электрондық түрде жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта шекаралық сақтандыру шарттары мемлекеттік шекараның бақылау-өткізу пункттерінде (БӨП) сақтандыру компанияларының қызметкерлері арқылы рәсімделуде.
Алайда, 2025 жылғы 1 қазаннан бастапБӨП-те сақтандыру шартын рәсімдеу тоқтатылады.
Енді шарттар тек алдын ала — tpl.az онлайн-платформасы немесе Әзірбайжан Республикасының аумағында қызмет ететін сақтандыру компаниялары арқылы ғана жасалатын болады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасынан Әзірбайжанға немесе транзит арқылы жүк тасымалын жүзеге асыратын көлік және логистика компаниялары жаңа талаптарды алдын ала ескеріп, жүргізушілер мен экспедиторларды ақпараттандыруы қажет.
Бұл күтпеген жағдайлардың алдын алып, тасымалдау процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.