Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсінікті әрі жеңіл түрде жеткізу кәсіпкерлер мен азаматтарға реформаға жылдам бейімделіп, есептіліктегі кемшіліктерге жол бермей әрі қаражатты тиімді жоспарлауға септігін тигізеді. Осы мақсатта Қаржы министрлігі еліміздің барлық өңірін қамтитын ауқымды ақпарат науқанын қолға алды.
Айталық, Көкшетауда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың қатысуымен кезекті семинар өтті. Бұл іс-шараның өткізілуіне «Атамекен» ҰКП қолдау көрсеткенін айта кетейік.
Ақмола облысы – индустриялы-аграрлы өңір. Мұнда өнеркәсіп саласында мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп, облыс бидай мен ұнды қоса алғанда, ауылшаруашылық өнімдерінің ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы болып саналады. Өңір елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан салық салудың жаңа тәсілдерін түсіндіру, есептілік пен салық рәсімдерін оңтайландыру жергілікті кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды.
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін икемді әрі түсінікті арнайы салық режімдері енгізіледі. Бұл бюрократияны азайтып, кәсіпкерлер күрделі есеп-қисапты өткізу мен тексерулерге алаңдамай, бизнесті дамытуға баса мән беретін болады.
«Салықтық әкімшілендіру тәсілдері түбегейлі өзгереді. Біріншіден, камералды тексерулер енді ескерту сипатында болады. Екіншіден, берешекті өндіру, төлемдерді кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері едәуір жеңілдейді. Үшіншіден, берешек сомасы аз болған жағдайда МКК кәсіпкерлердің шоттарын автоматты түрде бұғаттамайды. Оның орнына кезең-кезеңімен хабарландыру жүйесі қолданылады. Бұл бизнеске кемшіліктерді уақтылы реттеуге мүмкіндік береді», деді МКК төрағасының орынбасары.
Кездесудің соңында ведомство өкілі өзекті сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Келесі семинар 18 тамызда Қостанай қаласында өтеді.