Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану тәртібі мен шарттары туралы

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану тәртібі мен шарттары туралы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексінде көзделген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі (АСР) қолданысқа енгізілді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп:

 жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген;

 бекітілген тізбеге енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын;

 жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

 ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар танылады.

 Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР мобильді қосымша арқылы қолданылады. Қосымшада табыстар есебі жүргізіліп, чектер қалыптастырылады және міндетті төлемдер автоматты түрде есептеледі.

Салық есептілігін тапсыру талап етілмейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0 пайызды құрайды.

Бұл ретте табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді, оның ішінде:

 міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) — 1%;

 жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) — 1%;

 әлеуметтік аударымдар (ӘА) — 1%;

 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС) — 1%.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысымен бекітілген.

Аталған арнайы салық режимі жеке тұлғаларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, салық жүктемесін азайта отырып және зейнетақы мен медициналық сақтандыру бойынша әлеуметтік кепілдіктер ала отырып, қызметті оңайлатылған тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.