
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қызметтік әдептің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, адалдық атмосферасын құруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепке жат мінез-құлықтарының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
- адалдық – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби әрі жауапкершілікпен қызмет ету;
- шыншылдық – өз міндеттеріне адал көзқарас таныту;
- ашықтық – қоғаммен өзара іс-қимылға дайын болу және өз әрекеттерінің айқындығын қамтамасыз ету;
- сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге құрметпен және әдепті қарым-қатынас жасау.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар:
- қарапайым болу, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау;
-мемлекеттің мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына зиян келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;
-заңмен белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысынан аулақ болу;
-азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілікке, ар-намысты қорлауға және орынсыз мінез-құлыққа жол бермеу.