2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші паспорты

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші паспорты

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші паспорты


Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 17 қазандағы № 917 бұйрығымен салық төлеуші паспортында қамтылатын мәліметтердің тізбесі, оны қалыптастыру қағидалары мен мерзімдері, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру тәртібі бекітілді.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, қоғамдық тамақтану және сауда салаларында қызметін жүзеге асыратын салық төлеуші бақылау-кассалық машиналар (БКМ) тікелей орналасқан жерлерде, сондай-ақ халықты ақпараттандыру үшін жалпыға қолжетімді орындарда салық төлеуші паспортын орналастыруға міндетті.

Салық төлеуші паспорты

Салық төлеуші паспорты — салық органы қалыптастыратын, салық құпиясына жатпайтын және штрих-кодта қамтылған кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпараттық карта.

Салық төлеуші паспорты уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

Салық төлеуші паспортында қамтылатын мәліметтердің тізбесі

Жеке кәсіпкердің ЖСН-і немесе заңды тұлғаның БСН-і.

Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы.

Жеке кәсіпкердің, заңды тұлға басшысының тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген жағдайда).

Салық төлеушінің мәртебесі (қолданыстағы, салық есептілігін ұсынуды тоқтатқан, әрекетсіз салық төлеушілер тізіліміне енгізілген).

Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға туралы мәліметтердің салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына енгізілген күні немесе тіркеу есебіне қойылған күні.

Мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген бақылау-кассалық машинаның тіркеу нөмірі.

Бақылау-кассалық машинаны пайдалану орны.

Алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада өткізуге лицензиясының бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтер (алкоголь өнімдерін өндіру аумағында сақтау және бөлшек саудада өткізу қызметін қоспағанда).

Салық төлеуші паспортын қалыптастыру және оны уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру қағидалары мен мерзімдері

Салық төлеуші паспорты мемлекеттік кірістер органдары арқылы кәсіпкерлік субъектісінің ақпараттық картасы түрінде, салық құпиясына жатпайтын штрих-кодта қалыптастырылады.

Салық төлеуші паспортының мәліметтері автоматты режимде айына бір рет, есепті айдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей қалыптастырылады және уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялауға жатады.

Салық төлеуші паспорты мемлекеттік кірістер органдары арқылы оны қалыптастырған күннен кейінгі 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.


Салық төлеуші паспортын алу тәртібі

Салық төлеуші салық төлеуші паспортын штрих-код түрінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталы арқылы алады. Ол үшін белсенді терезеде:

салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/БСН);

бақылау-кассалық машинаның тіркеу нөмірін;

«Кодты қалыптастыру» батырмасын енгізу және іске қосу қажет.