
Қазақстанда сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 қыркүйектен бастап жаңа талаптар шыны бөтелкелерге құйылған өнімдерге қолданылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Ержан Сәбиев мәлімдеді.
Ержан Сәбиевтің айтуынша, цифрлық таңбалау сыра өнімдерінің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бірегей Data Matrix коды тауарды сәйкестендіріп, оның заңсыз айналымын азайтуға және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған.
— Цифрлық таңбалау сыра өнімдерінің айналымын ашық етуге және тауардың бүкіл қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір өнімге түсірілетін бірегей Data Matrix коды оның нақты бір данасын сәйкестендіруге жағдай жасайды. Өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, тауардың сауда нүктесіне келіп түсуі және түпкілікті тұтынушыға сатылуына дейінгі барлық кезеңдер цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Бұл заңсыз өнімнің нарыққа түсуін шектеуге, адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға және сыра өнімдері нарығындағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді, — деді Ержан Сәбиев.
Сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 ақпаннан бастап кегтерге құйылған сыра мен сыра сусындарына таңбалау енгізілді. 1 қыркүйектен бастап талап шыны бөтелкелердегі өнімдерге қолданылады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкалардағы сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау басталады.
Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Арман Манабаевтың мәліметінше, жаңа талаптар сыра өнімдерін бөлшек саудада өткізетін барлық кәсіпкерлерге қатысты. Олардың қатарында дүкендер, минимаркеттер, сауда желілері, жеке сауда нүктелері және сыра өнімдерін өткізетін қоғамдық тамақтану объектілері бар.