ЖРВИ және тұмау: тұрғындарға ұсыным

ЖРВИ және тұмау: тұрғындарға ұсыным

Жедел респираторлық вирусты инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруларының маусымды өршуі кезінде тұрғын халыққа профилактикалық шараларды сақтау, медициналық көмекке уақытылы жүгіну және дәрілік заттарды дұрыс қолдану ұсынылады.

Үйдегі дәрі қобдишасында не болуы керек?

Дене қызуы көтерілу, бас және бұлшық ет ауыру, мұрын бітелу және ЖРВИ-дің басқа да белгілері болған кезде симптоматикалық көмек көрсету үшін үйдегі дәрі қобдишасында мынадай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар болғаны дұрыс:

  • дене қызуын төмендету және ауырсынуды басу үшін парацетамол 500 мг;
  • дене қызуын төмендету, ауырсыну мен қабынуды азайту үшін ибупрофен 200-400 мг;
  • мұрынның шырышты қабығын шаю және ылғалдандыру үшін натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісі, тұзды ерітінді;
  • мұрын қатты бітелген жағдайда мұрынға арналған тамыр тарылтатын дәрілік зат;
  • сұйықтық пен электролиттердің орнын толтыру үшін ауыз арқылы қабылданатын регидрациялық дәрілік заттар;
  • дене қызуын бақылауға арналған термометр.

Дәрінің бағасын қайдан тексеруге болады?

Дәрілік затты сатып алмас бұрын оның құны туралы ақпаратты «Нақты өнім» және «Дәрі KZ» ақпараттық ресурстарынан тексеруге болады.

Бір дәрілік заттың бағасын басқа дәріханалардан да қарап, салыстырыңыз.

Дәрілік препараттарды таңдаған кезде, сауда атауына ғана емес, ең алдымен, халықаралық патенттелмеген атауына (ХПА), мөлшеріне (дозасына), қолдануға болатын көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдеріне назар аудару қажет.

Вирусқа қарсы препараттарды өз бетінше қабылдауға бола ма?

Рецепт бойынша босатылатын вирусқа қарсы препараттарды өз бетінше сатып алып, қабылдауға болмайды.

Вирусқа қарсы ем тағайындау туралы шешімді медицина қызметкері аурудың клиникалық көрінісін, пациенттің жасын, қауіп факторларының бар-жоғын және аурудың ауырлық дәрежесін ескере отырып қабылдайды.

Тұмау және ЖРВИ кезінде антибиотиктерді қабылдауға бола ма?

Антибиотиктер тұмау мен ЖРВИ жағдайларында көбіне әсер етпейді.

Антибиотиктерді өз бетінше қабылдау микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға төзімділігінің дамуына, жағымсыз реакцияларға және басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін.

Бактерияға қарсы емді дәрігер тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана, оның ішінде расталған немесе болжамды бактериялық асқынулар кезінде тағайындайды.

Бірнеше препаратты бір уақытта қабылдағанда неге назар аудару қажет?

Суық тию мен тұмауға қарсы препараттарды бір уақытта қабылдағанда, олардың құрамын мұқият зерделеу қажет. Кейбірінің құрамында парацетамол болуы мүмкін. Құрамында парацетамол бар препаратты парацетомолдың өзімен бір уақытта қабылдаса, ұсынылған дозадан асып кетуі мүмкін.

Медицина қызметкерімен кеңеспей, құрамында бірдей әсер етуші заты бар бірнеше дәріні бір мезгілде қабылдауға болмайды.

Қазақстанда дәрілік заттар кімдерге тегін беріледі?

Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету медициналық көрсетілімдер бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына және диспансерлік бақылауда тұрған белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар пациенттерге денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілермен бекітілген тізбелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік препараттар, әдетте, медицина қызметкерінің тағайындауы және жазып берілген электрондық рецепт негізінде беріледі.

Стационарда емделу кезінде пациенттерге дәрілік заттар белгіленген тәртіпке сәйкес медициналық көмектің тиісті пакеті шеңберінде беріледі.

Дәрілік заттардың бағасы реттеле ме?

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі қолданылады. Бұл ретте мемлекеттік реттеу барлық дәрілік препараттарға жүргізілмейді. Жекелеген дәрілік заттарға қатысты бағалар нарықтық тетіктерді ескере отырып қалыптастырылады.

Сондықтан бір әсер етуші заты бар препараттардың құны өндірушіге, саудалық атауына, дәрілік түріне, дозасына және дәріхана ұйымына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Қаражатты ұтымды пайдалану мақсатында тұрғын халыққа түрлі дәріхана ұйымдарындағы препараттардың құнын салыстыру және мүмкіндігінше дәрілік заттарды халықаралық патенттелмеген атауы (ХПА) бойынша таңдау ұсынылады.

Дәрігерге қай кезде бару қажет?

ЖРВИ жеңіл түрде өткен жағдайда демалу, жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу және симптоматикалық ем жасау жеткілікті болуы мүмкін.

Медициналық көмек:

  • ұзақ уақыт дене қызуы жоғары болып ұзақ уақыт немесе дене қызуы оңайлықпен түспеген кезде;
  • тыныс алуы қиындаған немесе ентігу пайда болған кезде;
  • кеуде қуысының ауыруы немесе ауырлық сезімі болған кезде;
  • әлсіздік байқалған кезде;
  • ес-ақылы, санасы бұзылған кезде;
  • жағдайы күрт нашарлаған кезде;
  • жағдайы жақсарып, кейін қайтадан нашарлаған кезде;
  • басқа да айқын немесе әдеттен тыс белгілер пайда болған кезде қажет.

Кішкентай балаларға, егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше назар аудару қажет.

Негізгі ұсынымдар

Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін:

  • жеке гигиена ережелерін сақтау;
  • үй-жайларды үнемі желдету;
  • мүмкіндігінше респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен байланыста болмау;
  • ауру белгілері пайда болған кезде айналадағы адамдармен байланысты шектеу;
  • медицина қызметкерлерінің ұсынымдарын сақтау;
  • антибиотиктермен және рецепт бойынша босатылатын дәрілік заттармен өз бетінше емделмеу;
  • жағдай нашарлаған кезде медициналық көмекке уақытылы жүгіну;
  • тұмауға қарсы вакцинация бойынша ұсынымдарды сақтау қажет.

Үйдегі дәрі қобдишасы үшін дәрілік заттардың көп мөлшерін сатып алудың қажеті жоқ. Көп жағдайда термометр, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда қызуды түсіретін дәрілердің бірі, мұрынды шаюға арналған құрал және регидратацияға арналған құралдың болуы жеткілікті.

Антибиотиктерді, рецепт бойынша босатылатын вирусқа қарсы және басқа да рецептуралық препараттарды тек медицина қызметкерінің тағайындауы бойынша қолдану қажет.