Республикалық физика-математика мектебі 2025-2026 оқу жылында қабылдау емтиханын жаңа форматта өткізеді

Республикалық физика-математика мектебі 2025-2026 оқу жылында қабылдау емтиханын жаңа форматта өткізеді
Оқушылар асыға күткен «Ашық есік күні»
 
Республикалық физика-математика мектебі 2025-2026 оқу жылында қабылдау емтиханын жаңа форматта өткізеді. Бұл туралы Республикалық физика-математика мектебінің Астана және Алматы қалаларындағы филиалдарында өткен«Ашық есік күнінде» белгілі болды. Екі қала бойынша 1000-ға жуық оқушы мен ата-ананың басын қосқан ауқымды іс-шара барысында Астана қаласындағы филиалдың директоры Кенжалин Думан Жүзбайұлы және Алматы қаласындағы филиалдың директоры Мейірлан Едігерұлы РФММ-нің өткені мен бүгініне тоқталып өтті.
 
Халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары өз жеңістері жайлы ерекше ықыласпен баяндады. Оқушылар өз қолымен құрастырған роботтарымен таныстырды. Оқушылар үшін арнайы шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Оның барысында олар 7-сыныпқа түсуге арналған қабылдау емтиханының жаңа форматы бойынша тапсырмаларды қалай орындау керектігін РФММ мұғалімдерінің өздерінен сұрап-білді.
 
Жауап нұсқалары жоқ ашық тест болады, оқушы бүтін сан болып табылатын жауапты енгізуі керек. Әр түрлі күрделіліктегі тапсырмалар арнайы белгіленген ұпайлар бойынша бағаланады. Математика және логика бойынша ғана тапсырмалардан тұратын 30 тест сұрағын орындау үшін оқушыға 120 минут беріледі,-деді «РФММ» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Меңдіғалиева.
 
2024 жылдың желтоқсан айында сынақ тестіне тіркелу басталады. Ол жерде оқушылар жаңа форматқа негізделген тест сұрақтарына жауап беріп дайындала алады. Сұрақтар 2 апта сайын жаңартылып отырады. Ал, 2025 жылғы 15 қаңтарда Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де мектептің ресми сайтында емтиханға онлайн тіркелу ашылады және ол 2025 жылғы 3 сәуір сағат 18:00–дейін жалғасады. РФММ емтихандары Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Орал және тағы бірнеше қалада ұйымдастырылады. 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты бойынша 7-сыныпқа оқуға түсу емтиханы 2025 жылғы 26 сәуірде өтеді.