Абай Ұлттық Мектебі жаңа ғимаратының алғашқы қазығы қағылды

Абай Ұлттық Мектебі жаңа ғимаратының алғашқы қазығы қағылды
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысын бастау рәсімі өтті.
 
 Жаңа ғимараттың алғашқы қазығын қағу рәсімінде сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай ұлттық мектебінің болашақта барлық мектептің көшін бастайтын үлгілі білім ошағына айналатынына сенім білдірді.
 
«Мемлекет басшысы ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруді, бұл бағытта бірыңғай ұстаным әзірлеуді тапсырды. Абай мектептері желісі үшін біртұтас «ABAY-Programme» бағдарламасын әзірлеу қолға алынды. Республикалық Абай мектебін трансформациялау арқылы біз тіл мен әдебиетті тереңдетіп оқытып қана қоймай, еліміздің болашақ интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға қадам жасаймыз. Абай ұлттық мектебі – Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» ілімінен тағылым алған, заманауи білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті, патриот жастардың киелі білім ұясына айналуы тиіс», - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
 
Айта кетейік, құрылысы басталған жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, ABAY-arena спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. Білім ұйымын 2025 жылы қыркүйектен бастап қолданысқа беру жоспарланған.