Республикалық олимпиада прокторингті қолдану арқылы өтіп жатыр

Республикалық олимпиада прокторингті қолдану арқылы өтіп жатыр

📖Бүгін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды. Олимпиада алғаш рет прокторинг жүйесін қолдана отырып, "бір қатысушы – бір компьютер – бір камера" қағидасы бойынша өтіп жатыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысады.

📖Ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық олимпиаданы өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

💬«Қатысушылар пәндер мен сыныптары бойынша «аралас» отырғызылып жатыр. Олимпиаданы өткізу пунктерінде әрбір қатысушы үшін тең жағдай жасалған. Олар алдын-ала берілген жеке кіру коды арқылы тапсырмаларды алады. Олимпиада тапсырмаларын құрастырушылармен құпия ақпаратты жарияламау туралы алдын-ала келісім жасалды. Жалпы, карантиндік шектеулер жағдайында мұндай формат барынша қолайлы деп санаймын. Барлық санитарлық талап пен нормалар қатаң сақталады», – деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

📖Бұдан бөлек, жұмыстарды тексеру қатысушылар бойынша емес, тапсырмалар бойынша жүргізіледі. Бұл қазылар алқасы мүшелерінің қатысушыларға көмек көрсетуіне мүмкіндік бермейді.

📖Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың IV қорытынды кезеңі 30 сәуірге дейін жалғасады. Олимпиада жалпы білім беретін 16 пән бойынша, оның ішінде жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10 пән бойынша өтеді. Оған 1600-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысады.

@bilim_jane_gylym