Ведомствоаралық кеңестің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шешіміне және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес IV тоқсанда мектеп оқушыларын оқыту форматы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ.
Облыс немесе елді-мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, төртінші тоқсанда барлық оқушы аралас оқыту форматына көшеді. Бұл ретте пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, қалғаны қашықтан оқытылатын болады. Оқушы саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды дәстүрлі форматта жалғастырады.
"Бір сынып – бір кабинет" қағидаты бойынша сыныптардағы оқушылардың саны 25 адамнан аспауы тиіс. Сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайды.
Оқушы ауруға шалдықса немесе науқастармен байланыста болған жағдайда ата-анасының өтініші бойынша оған қашықтан оқыту форматында оқуға рұқсат етіледі.
Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде 1-5 сыныптар, 9, 11 (12) сыныптар үшін, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары үшін оқытудың аралас форматы сақталады, ал 6, 7, 8, 10 сыныптар қашықтан оқытылады.