Қостанайда информатика және математика пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Қостанайда информатика және математика пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Қостанай қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы екі маңызды пән – информатика және математика бойынша жалпы білім беретін пәндерден 9–11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды.

Аталған кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен 310 дарынды оқушы қатысуда. Оның ішінде:
информатика пәні бойынша – 149 оқушы;
математика пәні бойынша – 161 оқушы.

Олимпиада барысында қатысушылар алгоритмдік ойлау, күрделі есептерді шешу, бағдарламалау және терең математикалық талдау дағдыларын көрсетеді. Олимпиада 2026 жылғы 24 наурызға дейін жалғасады.

Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық олимпиадаларға дайындалатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Пәндік олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ұлттық олимпиадалық резерв құрамына қабылданып, еліміздің намысын халықаралық білім додаларында қорғауға мүмкіндік алады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылуда.

🎉 Оқушыларға сәттілік тілейміз!