Екібастұз қаласындағы жылумен қамтудың ағымдағы жай-күйі туралы жедел ақпарат

Екібастұз қаласындағы жылумен қамтудың ағымдағы жай-күйі туралы жедел ақпарат

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Екібастұз қаласында жылумен жабдықтаудың ағымдағы жағдайы туралы жедел ақпарат таратты

Жылу электр орталығында орын алған апатқа байланысты Павлодар облысының әкімі бастаған штаб құрылды. Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылып, қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда.

2022 жылғы 28 қарашадағы сағат 15.30-дағы жағдай бойынша жылу беру температурасы 84ºС (норма – 87ºС), кері қайтару – 54ºС (норма – 56ºС), пәтерлердегі температура 18-20ºС құрайды.

6 қазандық агрегат (№ 6,8,9,12,14,15) жұмыс істеп тұр, резервте 4 қазандық агрегат (№ 5,7,11,13) бар. Электр энергиясын тұтыну 51 МВт құрады.

Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы қалыпты және 20-25ºС шегінде сақталып отыр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отыр. ЦТП 52 учаскесінде (Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 "а" шағын ауданы) 1 ақау бар.

Анықтама үшін:

Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 км жылу желілері бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансында 342,3 км, олардың тозу деңгейі 91% құрайды.

Екібастұз ЖЭО–да 10 қазандық орналасқан, оның ішінде 5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы.

Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.