Қайырбек Өскенбаев Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жөнінде ақпарат берді

Қайырбек Өскенбаев Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жөнінде ақпарат берді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Ведомство басшысының айтуынша, Президент халыққа арнаған Жолдауында министрліктің алдына бірқатар маңызды міндет қойған. Қазіргі уақытта ведомствода аталған міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктері пысықталды.

Атап айтқанда, Қала құрылысы кодексін қабылдау үшін жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сонымен бірге құқықтық және талдамалық мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы, «ҚазжолҒЗИ», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдері кірді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі базасында әрбір ірі қала бойынша жер учаскелерінің функционалдық интерактивті карталарын және коммуналдық желілердің схемаларын құру жоспарлануда. Өнеркәсіптік мақсаттағы учаскелердің карталары Көлік және коммуналдық инфрақұрылымның өзекті схемаларымен толықтырылатын болады.

Жүйе жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтерді ескере отырып, 514 мың гектар аумақтан инфрақұрылымдық деректердің 65 пайызын қамтиды. Базаға 191 бас жоспар және 661 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы цифрландырылып, енгізілген. Желілердің қалған 35 пайызын 2024 жылға дейін цифрландыру жоспарлануда.

Жолдауда автомобиль жолдарының құрылысы, оның ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу сапасына қатысты мәселе маңызды орын алды. Осыған байланысты ең алдымен жоспарлау тиімділігі артты. Атап айтқанда, автожол саласының барлық жобасында «FIDIC» халықаралық ережелерінің ЕРСМ шарттарын келісімшартқа енгізу ұсынылады. Бұл шара жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп, материалдар құнының қымбаттап кету тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құрылыс процесі мен сапаны бақылаудың барлық қатысушысының дербес жауапкершілігі артып, техникалық және авторлық қадағалау функцияларын біріктіру бойынша заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Сонымен бірге нормативтік базаны жетілдіру және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың электрондық базасын енгізу жолдардың сапасын бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесін енгізу ұсынылады. Жобалардың техникалық жағы Ұлттық сапа орталығымен келісілетін болады. Жол институты жобаны әзірлеу кезеңінде жаңа технологиялар мен материалдардың қолданылуына сараптама жүргізеді. Бұдан басқа, автожолдарды салу процесі Е-құрылыс платформасында толық автоматтандырылмақ.

Индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жер қойнауын игеруге инвестициялар тартудың заңнамасы мен рәсімдерін оңайлату, оның ішінде бизнес-процестерді реинжиниринг және автоматтандыру жөніндегі шаралар ұсынылады.

«Осы айда «Kaz-Nedra» ақпараттық жүйесі шеңберінде «пилоттық» жобада қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялар беруді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Цифрландыруды ескере отырып, инвесторлар үшін барлық бизнес-процесс пен нормативтік талаптар қайта қаралып, жеңілдетілетін болады», – деді Қ.Өскенбаев.

Индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ведомство сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар тауарларының өндірісі мен номенклатурасын кеңейту, жаңа тауарлар өндірісін іске қосу жөніндегі шараларды жоспарлайды.

«Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру үшін мынадай жаңа шаралар енгізілетін болады: барлық инвестициялық міндеттемені адал орындағаннан кейін жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін, аралас режимді және жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін енгізу қарастырылған», – деді ИИДМ басшысы.

Айта кетерлігі, елдің транзиттік әлеуетін нығайту үшін Ақтауда контейнерлік хаб құру және Транскаспий дәлізін дамыту сияқты ірі жобаларды іске асыру басталды. Жобалар 2025 жылға дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде PSA, Abu Dhabi Ports, Adani Group, CMA CGM, Maersk сынды әлеуетті инвестормен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылатын болады.

Қазіргі таңда сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толыққанды көлік-логистикалық корпорацияға айналдыру моделін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының трансформациясын әлемдік көлік-логистикалық компаниялармен (PSA, DBShenker, CoscoShipping, DPWorld және т.б.) кооперация, көлік дәліздерін цифрландыру және сыртқы терминалдық желілерді құру сияқты бағыттар бойынша жүзеге асыру ұсынылады», – деп мәлімдеді министр.