Еркебұлан Дауылбаев Шымкенттегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты

Еркебұлан Дауылбаев Шымкенттегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты

Шымкент қаласына жасаған сапары аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі «Тұран» және «Асар 2» шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдары құрылыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ Еркебұлан Дауылбаев «Нұршуақ» тұрғын алабындағы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның кәріз тазалау жүйесінің жұмысын тексерді.

Сонымен қатар сапар барысында ҚР ИИДМ вице-министрі мегаполис тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Атап айтқанда, қабылдауға жобалаушы Д. Пак, кәсіпкер Б. Сәдуақасов, «Шымкент-сити» және «Асар 2» шағын аудандарының тұрғындары Т. Қараменов пен Т. Шынәсілов келген. Азаматтар тарапынан қойылған сауалдар мен өтініштердің басым бөлігі құрылыс саласы материалдары өндірісін дамыту, жаңа тұрғын үйлердің сапасына берілетін мерзімдік кепілдемеге өзгеріс енгізу, «Тұран» және «Асар 2» шағын аудандарын инженерлік-коммуналдық жүйеге қосу және қаланың кәріз жүйесін дамыту сынды мәселелерді қамтыды.

Өз кезегінде вице-министр азаматтар тарапынан қойылған сауалдарды мұқият тыңдап, нақты әрі жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ ол тұрғындарды көтерілген мәселелерді оңтайлы шешу үшін қабылданған шаралар мен оларды шешу жолдарымен жіті таныстырды.

Сапар соңында Еркебұлан Дауылбаев Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары мен жергілікті басқарма басшыларымен кеңес өткізді.

Вице-министр қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың оң динамикасы байқалатынын атап өтті. Десе де ол бірқатар салада кемшіліктер бар екендігін алға тартып, оны оңтайлы шешу қажеттігін айтты.

Түйіткілді мәселелер қатарында жұмыс істейтін жастарға арналған «Тұран» шағын ауданында салынып жатқан 6 тұрғын үйдің мерзімінде тапсырылмауы мен 7 мемлекеттік маңызды нысан құрылысының тоқтауы (кәріз жүйелері және т.б.) сынды мәселелер бар. 

«Қалалық әкімдік бюджетті тиімді әрі сапалы жоспарлап, жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік инвестиция есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет. «еQurylys» және «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесі порталын толықтыру мен қаржыландыру мәселесін шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы даярлауды қамтамасыз ету керек», – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Шымкент қаласы тұрғындарын мазалап жүрген мәселенің бірі – ортақ кәріз жүйесіне қосылу деңгейінің төмендігі. Бүгінде бұл тараптағы көрсеткіш 52 пайызды құрайды. Былайша айтқанда, 48 пайыз қала тұрғыны орталық кәріз жүйесін пайдалана алмайды.

Вице-министр қоршаған ортаның ластану деңгейін азайту үшін қалалық әкімдікке тұрғындарды орталық кәріз жүйесіне қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды.