ҚР ИИДМ: Үй құрылысына арналған жер телімдеріне коммуникациялық желілер жүргізу үшін 54 млрд теңге бөлінді

ҚР ИИДМ: Үй құрылысына арналған жер телімдеріне коммуникациялық желілер жүргізу үшін 54 млрд теңге бөлінді

Биылғы жылы Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған 50 мың жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

ИИДМ өкілі облыстағы қала және аудан әкімдерімен кеңес өткізіп, бірқатар мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 375 жоба жүзеге асырылмақ. Аталған жоба болашақ тұрғын үй құрылысын жүргізуге бағытталған. Ол үшін қазынадан 119 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 54 млрд теңгені құрайтын 180 жоба жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған 50 257 жер теліміне коммуникациялық желілер жүргізуге арналған жобалар санатында. Бүгінде осы тарапта Қостанай облысында 12 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – қаладағы жеке тұрғын үй салуға арналған 1 252 жер теліміне қажетті желілер жүргізуді қамтамасыз етуге арналған», – деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.

Оның айтуынша, Арқалық қаласындағы 7-ықшам аудандағы 172 жер телімінде коммуникциялық желілер құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталады деп күтілуде. Ал жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімдері арнайы кезекпен берілмек.

Жалпы алғанда, 2022 жылы Қостанай облысында 475 шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 175 мың шаршы метрі жеке үй құрылысына тиесілі.

Сонымен қатар вице-министр жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған алаңдарды тиісті желілермен қамту жұмыстары еліміздің өзге де қалаларында іске асыру көзделіп отырғандығын жеткізді. Ал ауылдық елдімекен аумағында орналасқан жер телімдерін коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету әзірге қарастырылмаған.

Сондай-ақ Еркебұлан Дауылбаев жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай іске қосылған жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы турасында да баяндады.

 «Соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын және баспана кезегінде тұрған азаматтарға жеке тұрғын үй қорынан жалға беру механизмі енгізілді. 2022 жылғы 18 сәуірден бастап цифрлық платформа арқылы өтінім қабылдау басталғаны белгілі. Күні бүгінге дейін келіп түскен 23 мыңға жуық өтінімнің 5 768-і мақұлданды», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша баспана кезегінде тұрған қазақстандықтар өтініш бере алатындығын атап айтты. Олардың қатарына бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен көпбалалы отбасылар кіреді.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Қостанай облысы бойынша кезекте тұрған 1 193 азамат жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдау алады деп жоспарланған.