Еркебұлан Дауылбаев Қостанайда азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

Еркебұлан Дауылбаев Қостанайда азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

Қостанай облысына жасаған сапары барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен қабылдауға аймақ тұрғындарының төрттен бір бөлігі жазылған. Азаматтардың басым бөлігінің сауалдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс мәселесін қамтыған. Өз кезегінде тұрғындардың өтініштері мен сауалдары мұқият тыңдалып, толыққанды жауап берілді.

Мәселен, жеке баспанаға қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрған Қостанай облысы Заречный ауылының тұрғыны А. Баймағамбетов жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандарында инженерлік-коммуникациялық жүйелер дер кезінде жүргізіле ме деген сауалды қойды.

Еркебұлан Дауылбаев аталған ықшам аудандарда 2022-2024 жылдары аралығында 6 мың пәтерлі 49 көпқабатты тұрғын үй салыну жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ ол биылғы жылы аталған нысандарда су мен кәріз жүйелері құрылыстарының басталғандығын және жобалар ағымдағы жылы толыққанды аяқталатынын айтты.

 «Қазіргі таңда электр, газ, жылу, кәріз және газ қазандығы жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Жобалар арнайы сараптамадан өткізілгеннен кейін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінуіне өтінім жасалады», – деді вице-министр.

Ал Д. Жаукина Арқалық қаласында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесінің кезегінде тұрғандығын алға тартты. Алайда тиесілі жер телімі инженерлік коммуникациялық желілердің жүргізілмеуіне байланысты берілмей отыр екен. Көпбалалы ана қоғамдық қабылдауға инженерлік желілер жүргізу үшін қаражат қашан бөлінетінін және жердің қай кезден бастап берілетінін білмек ниетте келгендігін айтты.

ИИДМ өкілі ағымдағы жылы қаланың 7-ші ықшам ауданындағы 172 жер теліміне коммуникациялық желілер құрылысының басталғанын айтты. Құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталып, учаскелік жер телімдері арнайы кезекпен үлестірілмек.

Қабылдауға жазылғандардың бірі заңдық тұрғыдан көмек сұрап келген. Атап айтқанда, «Толстого 49» мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ) төрағасының айтуынша, пәтерлерін жалға берушілер санының артуына байланысты бірлестік үйді күтіп ұстауға жұмсалатын және жылу беру маусымына дайындық жүргізуге қажетті қаражаттың жинақталмауы сияқты мәселе туындап отыр.

Осыған орай ол мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы қажеттілік туындаған жағдайда мемлекеттік органдардан пәтерлердің идентификациялық мәліметі туралы сұраныс жіберуге заңдық құқығы мен мүмкіндігі бар-жоқтығы туралы сұрады.

Еркебұлан Дауылбаев пәтер иелері мен тұрғын емес үй-жайлар бойынша ақпаратты мүлік иелерінің бірлестігі бұрынғы органнан, яғни пәтер иелері кооперативінен сұрастыруға мүмкіндігі бар екендігін атап өтті. Сондай-ақ пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар бойынша мәліметті тиісті адвокаттық сұраныс арқылы тіркеу органдарынан алуға болатындығын айтты.

«Сондай-ақ қарызды нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы өндіру мүмкіндігі қарастырылған», – деді вице-министр.