Маңғыстау облысын дамыту жөніндегі жобалар туралы

Маңғыстау облысын дамыту жөніндегі жобалар туралы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға ҚР ИИДМ-нің қатысуы туралы баяндады.

Министрлік - тұрғын үй және автожол құрылысы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіп саласында өңірді дамытудың кешенді жоспарының 16 тармағы бойынша жауапты орындаушы.

2025 жылға дейін Маңғыстау облысының дамуына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің желісі бойынша мемлекет 257,5 млрд. теңге салады. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 195,5 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 39,6 млрд. теңге, басқа да көздерден – 22,4 млрд. теңге.

Тұрғын үй құрылысы

2025 жылға дейін өңірде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 7,3 млн. шаршы метр болатын 67 мың тұрғын үйді (пәтерлер мен жеке үйлер) пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде халықтың әлеуметтік аз қорғалған топтары үшін 2,5 мың жалдамалы пәтер салынады (151,2 мың шаршы метр тұрғын үй).

Жылдарға бөліп қарағанда:

2021 жылы - 1201 мың м2 немесе 11,2 мың тұрғын үй;

2022 жылы - 1271,9 мың м2 немесе 11,7 мың тұрғын үй;

2023 жылы - 1448,6 мың м2 немесе 13,3 мың тұрғын үй;

2024 жылы - 1589,6 мың м2 немесе 14,6 мың тұрғын үй;

2025 жылы - 1767,6 мың м2 немесе 16,2 мың тұрғын үй.

Биыл жаппай тұрғын үй құрылысы жүретін аудандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 4,5 млрд. теңге бөлінеді. 2025 жылға дейін шығындар - 34,7 млрд. теңге.

Бес жыл ішінде жүргізілетін жұмыстың нәтижесінде 9,5 мың жер теліміне коммуникациялар тартылады.

Мамандардың бағалауынша, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы өңірде 590 тұрақты және 4700 уақытша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау және су бұру

Маңғыстау облысының қалалық елді мекендері сумен жабдықтау қызметтеріне 100%, ауылдық елді мекендері - 92,2% деңгейінде қол жеткізе алады. Алайда, облыста сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейі жоғары - 45%.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін 95,9 мың адам тұратын облыстың 25 ауылдық елді мекенінде 1867 шақырым сумен жабдықтау-су бұру желілерін қайта жаңарту жоспарланған.

Бұл мақсатқа алдағы бес жылда республикалық бюджетте 126 млрд. теңге резервке қойылған.

Жасалатын жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға қарай облыс халқы сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен толық қамтамасыз етіледі.

Осы жұмыстарды атқару үшін 1918 уақытша және 219 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Тұрғын үй қорын күрделі жөндеу

Алдағы екі жылда 10 көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Жұмыс құны - 1,8 млрд.теңге.

Автожол құрылысы

2025 жылға дейін Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында жалпы ұзындығы 791 шақырым болатын 34 жергілікті автожол қайта жаңартылып, жөнделеді.

Өңірдің өнеркәсіптік дамуы

"Ақтау теңіз порты" АЭА-ның №2 және №4 қосалқы аймақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет.

Кешенді жоспарда бұл мақсатқа 9,6 млрд теңге шығыс қарастырылған. Құрылыс мерзімі - 2023-2025 жылдар.

Қосалқы аймақтар келесідей жаңа индустриялық жобалармен игеріледі:

- "Шойын және түйіршіктелген қожды өндіру зауыты" (№2 қосалқы аймақ) - " «Техногран А» ЖШС Каспий металлургиялық кешені (74,0 млрд. теңге, 500 жұмыс орны).

- "Каспий деректерді өңдеу орталығын (Дата – орталық) құру "(№4 қосалқы аймақ) - "DIGITAL SILK ROUTE" ЖШС (151,0 млрд. теңге, 400 жұмыс орны).

- "Қуаты 250 МВт-тық бу генераторлық қондырғы салу және пайдалану "(№4 қосалқы аймақ) - "Aktau Clean Energy" ЖШС (102,0 млрд. теңге, 300 жұмыс орны)

АЭА қатысушыларының жобаларға салатын инвестициялары 327 млрд. теңгеге бағаланады. Осылайша, бюджеттік инвестициялардың жеке инвестицияға арақатынасы 1 теңгеден 13,1 теңгеге дейін болады.

Жаңа кәсіпорындардың пайда болуы өңір экономикасын әртараптандыруға, қосымша жұмыс орындарын құруға, бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюына оң әсер етеді.

Ақтау портының жүктемесін ұлғайту

2021 жылдың 22 қыркүйегінде Ақтау қаласында Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Ақтау порты базасында контейнерлік хаб құруды және Қытайдан келетін жүктердің бір бөлігін қайта бағдарлауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау үшін қазіргі уақытта контейнерлер ағынын құру, оның ішінде контейнерлік терминал, вагондық жүктер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін контейнерлерге қайта тиейтін кешен салу, тиеу техникасын жаңарту мәселесі пысықталуда.

Хаб құру Ұлттық жобаға енгізілген. Жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай контейнер ағыны  2,5 есеге (40 мыңнан 100 мың ЖФБ-ға дейін) артады деп көзделген..

Бейбіт Атамқұлов Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын уақытылы және сапалы іске асыру үшін ҚР ИИДМ барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.