ҚР ИИДМ: өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында тұрақты өсім бар

ҚР ИИДМ: өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында тұрақты өсім бар

Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі өткен жылдың деңгейіне қарағанда 105,8% құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша баяндады.

Өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында оң үрдіс сақталуда.

Машина жасау саласы: өткен жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда өндіріс көлемі 123,9%-ға артты. Автокөлік құралдарының, трейлерлер мен жартылай тіркемелердің (+34,2%), машиналар мен жабдықтардың (+39,1%), өзге де көлік құралдарын өндірудің (+48,9%), компьютерлердің, электрондық және оптикалық жабдықтардың (+35,5%), электр жабдықтарының (+6,3%), жөндеу мен орнатудың (+6,3%) шығарылымы ұлғайды.

Қара металлургия: өткен жылмен салыстырғанда 1,5% өсті. Болат (+23%), шойын (+17%), арматуралық прокат (+10%), көміртекті болат (+12,8%), ферросиликомарганец (+26,2%) өндірісінің көлемі ұлғайды.

Түсті металлургия: "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Құсмұрын кенішіндегі өндірістің технологиялық желісін жоспарлы қайта құруға және "Қазмырыш" ЖШС-де күрделі жөндеуге байланысты тапсырыстар санының азаюы себебінен өндіріс көлемі біршама төмендеді. Қорғасын өндірісі 19%, мырыш – 6%, тазартылған мыс-14% төмендеді.

Ал тазартылған алтын (+3%) және түйіршіктегі күміс (+1%) өндірісі көлемі өсті.

Нақты көлем индексі 2020 жылғы деңгейден 97,3% құрады.

Фармацевтика өнеркәсібі: өндіріс көлемі 40,8% өсті. Өсім негізінен халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысын арттыру есебінен болды.

Жеңіл өнеркәсіп: киім (+16,3%) және былғары өнімдерін (+8,4%) шығару есебінен саладағы өсім 4,7% құрады.

Химия өнеркәсібі: өткен жылдың деңгейінен +2,2% болды.

Өндіріс көлемі дезинфекциялық құралдар мен минералды тыңайтқыштарға сұраныстың артуын ынталандырды (натрий бихроматы-2 есе, пигментті хром тотығы +80%).

Көлік: көлік саласы пандемия салдарынан кезең-кезеңімен қалпына келтірілуде. Есепті кезеңде НКИ 98,6% құрады.

Транзиттік контейнерлік тасымалдарда оң динамика сақталып (+32%), 712,1 мың ЖФЭ тасымалданды.

Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 2,41 млрд тоннаны немесе өткен жылғы деңгейге қарағанда 97,3% құрады (2020 жылғы тамыз-2,48 млрд тонна).

Құрылыс материалдарының өндірісі: +11,6%. Жылу оқшаулағыш материалдар (1,6 есе өсті), кірпіш (+95%), гипс (+55%), құрылыс ерітінділері (+32%) және портландцемент (+23,2%) өндірісі салалық өсудің драйверлері болды.

Құрылыс: 8 айдың қорытындысында нақты көлем индексі 111,4% құрады. Оң динамика барлық өңірде байқалады.

Көшбасшы өңірлер: Ақмола (129,1%), Түркістан (123,9%), Маңғыстау (119,6%), Алматы (116,6%), Жамбыл (111,3%) облыстары және Алматы қаласы (121,4%), Шымкент (116,1%).
Тұрғын үй құрылысы: 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 110,5%. 8,9 млн шаршы метр немесе 77 262 тұрғын үй (оның ішінде – 24 292 жеке үй) пайдалануға берілді.

Бейбіт Атамқұлов өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі еліміздің барлық өңірінде ұлғайғанын атап өтті. Тұрғын үйді тапсыру бойынша Атырау (159,8%), Шығыс Қазақстан (120,7%), Қарағанды (119,9%), Қостанай (118,5%), Қызылорда (114,6%), Түркістан (111,5%) облыстары және Нұр-сұлтан қаласы (112,8%) көш бастап тұр.

Министр жыл соңына дейін ҚР ИИДМ барлық көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.