Еліміз бойынша 7400-ден астам үйде ПИК-ке балама басқару нысандары енгізілді

Еліміз бойынша 7400-ден астам үйде ПИК-ке балама басқару нысандары енгізілді

2021 жылғы 16 шілдеде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу жайы талқылады.

"ТКШ Қазазақстандық орталығы" АҚ өкілі Нұрбек Серіковтың айтуынша, тұрғын үй қатынастары саласындағы реформалар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға қатысты азаматтардың шағымдарына байланысты қабылданған.

Жұмыс істеп тұрған ПИК-тердің (пәтер иелері кооперативтері) орнына МИБ (мүлік иелері бірлестіктері) немесе ЖМ (жай серіктестіктер) құрылады. Олар мынандай тәртіпте жұмыс істейді: бір үй - бір басқару органы - екі банктік шот (ағымдағы және жинақ). Олар ПИК-ке балама болады. Онда меншік иелері өз баспаналарын өздері қадағалап, жай-күйіне өздері жауапты болады. Қазіргі ПИК-тер 2022 жылғы 1 шілдеге дейін ғана жұмыс істей алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда басқарудың 7449 жаңа нысаны құрылды (МИБ - 1554, ЖМ - 5895).

Үйлерді басқаруға қатысты барлық маңызды шешімдер тұрғындар бастамашылық ете алатын жиналыстарда қабылданады. Олардың құрамында пәтер иелерінің кемінде 10 пайызы болуы тиіс. Ұйымдастыру және қаржы мәселелері бойынша жиналыс құжаттарының үлгілері, сондай-ақ өзге де қажетті ақпарат ZHKH.KZ сайтына қойылған.

Дауыс беру рәсімдерін жеңілдету үшін салалық заңда жазбаша сауалнама жүргізу мерзімін ұлғайту, қаржы мәселелері бойынша міндетті кворумды азайту және онлайн дауыс беру кезінде электрондық қол қою тәсілдерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленді.

"ҚР кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандарының ұлттық қауымдастығы" ЗТБ өзін-өзі реттеу ұйымының басшысы Қазыбек Шайх МИБ жаңа басшылары үшін үйлерді жылу беру маусымына дайындау және үйлерге қызмет көрсетудің басқа да мәселелері бойынша тегін консультативтік орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.

Үйді басқарудың жаңа нысандары туралы толық ақпаратты Suraqtar.kz сайтынан табуға болады.