Қазақстан мен Беларусь құрылыс бағаларын мемлекеттік деңгейде салыстырады

Қазақстан мен Беларусь құрылыс бағаларын мемлекеттік деңгейде салыстырады

Екі ел құрылыс объектілері құнын салыстырудың мемлекетаралық стандартын әзірлеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, үнемі қадағаланатын және салыстырылатын 100 баға құраушы құрылыс материалдары анықталады.

Жалпы бағаға жасалатын талдау Қазақстан мен Беларусьтің бірлескен құрылыс жобаларына қатысуы үшін қажет болады.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ("ҚазҚСҒЗИ" АҚ) Құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі республикалық ғылыми-техникалық орталықпен (РҒТО, Беларусь) бейнеконференциясы барысында тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді.

Екі ұйым да мемлекеттік деңгейде баға белгілеу және ақпараттық модельдеу мәселелеріне жетекшілік етеді.

Сарапшылар Қазақстан мен Беларусьтың үлгілік жобаларға, технологиялық карталарға салыстырмалы талдау жүргізуге, баға белгілеу жүйесін қалыптастыру және ақпараттық модельдеуді енгізу тәсілдерін зерделеуге келісті.

"Беларусьта да, Қазақстанда да осы Үлгілік жобалардың мемлекеттік қоры бар. Елімізде жобаларды өзектендіру әр 3 жыл сайын, ал Беларусьте әр 5 жыл сайын жүргізіледі. Осы үлгілік жобаларды салыстыра отырып, біз мемлекеттеріміздің осы Үлгілік жобаларының қорларын кеңейте алар едік", - дейді РҒТО директоры Геннадий Пурс.

Өз кезегінде "ҚазҚСҒЗИ" АҚ дамыту және цифрландыру жөніндегі Басқарушы директоры Александр Шахнович салыстырмалы талдау үшін мектептердің барынша ұқсас үлгілік жобаларын пайдалануды және техникалық-экономикалық көрсеткіштерді салыстыруды ұсынды.

Конференция барысында сондай-ақ Еурокодтарды қолдану мәселелері талқыланып, құрылыста ақпараттық модельдеуді қолдану саласында тәжірибе алмасты.

Александр Шахнович Қазақстанда ақпараттық модельдеуді енгізу бойынша нормативтік база әзірленгенін, нормативтерді цифрландыру және ақпараттық модельдерді тексеруді автоматтандыру бойынша жұмыс қызу жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында құрылыстың барлық кезеңдерінде ақпараттық модельдеуді пайдалана отырып, пилоттық жобаларды әзірлеу жоспарланғанын айтты.

Геннадий Пурс Беларусь мамандары кейінірек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолданылатын салынған ғимараттар үшін ақпараттық модельдер жасап жатқанын атап өтті.

Іс-шараның қорытындысында тараптар Еурокодтарды тәжірибе жүзінде қолдану, сметалық нормалау мәселелері бойынша бірқатар кеңестер өткізуге және 100 баға құраушы құрылыс материалдары бойынша ұсыныстар беруге келісті.