Биылғы І тоқсанда 2 870 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді

Биылғы І тоқсанда 2 870 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді

Еліміздің өңдеу өнеркәсібі және құрылыс секторларының биылғы I тоқсанындағы қорытындыларын бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

2021 жылғы бірінші тоқсанында өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторында жиынтық көрсеткіші 107,5% құрап, оң үрдіс байқалды.

Өнеркәсіп

Машина жасау саласы автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді (+20,7%), машиналар мен жабдықтарды (+56,6%) шығару, өзге көлік құралдарын өндіру (+65,9%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (+52,1%), электр жабдықтары (+9,8%), жөндеу және орнату (+5,4%) есебінен 121,8% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті.

Бейбіт Атамқұлов елімізде отандық машина жасау өнімдерін тұтыну артып келе жатқанын атап өтті.

Түсті металлургияда оң динамика байқалады. Өсім 3,4%.

Тазартылған алтын (+16%), тазартылған күміс (+21%), құймалардағы алтын (+32%), тазартылған мыс (+1%) өндірісінің көлемі ұлғайды.

Қара металлургияда нақты көлем индексі (НКИ) 100,1% болды. Шойын (+6%), көміртекті болат (+21%) және ферросиликомарганец (+27%) өндірісі артты.

Фармацевтикалық өнеркәсіпте халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысын арттыру есебінен өндіріс көлемі 9,1% өсті.

Жеңіл өнеркәсіпте киім (+25,8%) және былғары өнімдері (+32,7%) өндірісінің ұлғаюы есебінен өсім 3,1% болды.

Химия өнеркәсібінде дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға (+14,2%) деген жоғары сұраныс өсімге негіз болды.

Құрылыс материалдары өндірісі 130,1% құрады. Жылу оқшаулағыш материалдар (2 есе), портландцемент (+35,3%), гипс (+9,7%), кірпіш (+8,2%) және құрылыс ерітінділері (+9,3%) өндірісі өсті.

Құрылыс

2021 жылдың І тоқсанында құрылыста жоспарлы көрсеткіштер 113,1% орындалды.

Маңғыстау облысынан (66,2%) өзге еліміздің барлық өңірінде оң динамиканы көрсетті. Көшбасшылар - Түркістан (264%), Солтүстік Қазақстан (154,5%), Қызылорда (144%) облыстары және Алматы қаласы (144,7%).

Тұрғын үй құрылысында биыл І тоқсанында 2 870 мың шаршы метр баспана салынды. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,6%.

Елімізде осы кезеңде жалпы 23 663 тұрғын үй тұрғызылса, оның ішінде - 8 637 жеке үй.

Өткен жылмен салыстырғанда баспананы пайдалануға беру көлемі Павлодар облысынан (80,6%) басқа барлық өңірде байқалады. I тоқсанда тұрғын үй құрылысы саласында Қостанай (120%), Қарағанды (112,7%), Батыс Қазақстан (111,6%) облыстары және Шымкент қаласы (590%) көшбасшы болды.

Құрылыс қарқыны 2021 жылғы жоспарлы жалпы көрсеткіш, яғни 17 млн шаршы метр баспана салуға мүмкіндік жеткілікті екенін көрсетті.

Көлік

Көлік саласында есепті кезеңде НКИ 82,6% құрады.

Транзиттік контейнерлік тасымалдарда оң динамика сақталып, I тоқсанда 244,2 мың ЖФБ (жиырма футтық балама) құрады. Яғни, өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 63% (149,4 мың ЖФЭ) артты.

Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 815 млн тоннаны немесе өткен жылғы көрсеткіштің 96,4% құрады (2020 жылғы наурыз-844 млн тонна).

2021 жылдың алғашқы үш айын қорытындылаған Министр жыл соңына қарай ҚР ИИДМ жетекшілік ететін барлық салалар бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отырғанын атап көрсетті.